Құстың шарапаты (әңгіме)

0
2324
Құстар

“Экософия немесе киелі табиғат” кітабындағы құсты қорғау туралы шағын әңгімені жариялап отырмыз.

Ертеде құстардың бәрі жылы жаққа ұшып кетеді. Тек бір құстың ғана қанаты жаралы болып, жұртта қалып қояды. Енді ол қыстан шығу үшін өзіне пана іздейді. Сөйтіп орманда келе жатса, алдынан емен ағашы шығады. Ол еменге:
– Мен бір жыл қыстап шығайын, маған орын берші, – деп жалынады. Емен:
– Жоқ, бере алмаймын. Қыс бойы жаңғағымды жеп тауысасың, – дейді.

Жаралы құс енді үйеңкіге келеді. Оған да жалынып, қыстан шығар жай сұрайды. Үйеңкі кербез еді. Құсты бұтағына кіргізбейді. Жаралы құс ормандағы барлық ағаштан сая іздеп сабылады. Бір кезде шырша-ның жанына келеді. Шырша:
– Әй, байғұс құсым-ай, көңілің жасып, түріңді қайғы басыпты ғой. Менің бұтамды панала. Осында ұя сал. Сені аяздан шамам келгенше қорғайын, – дейді. Шыршаның жанында қарағай өсіп тұр еді. Ол да құсқа жаны ашып:
– Менің бұтағым шырша секілді қалың емес. Бірақ шамам келгенше теріскей желді өткізбей, ықтап тұрамын, – дейді.

Жаралы құс қуанып кетеді. Шыршаның қалың бұтағының арасына кіріп, ұясын салады.


Күз кетіп, орнын қыс басады. Жел ұйытқи соғып, барлық ағаштың жапырағын сыпарып бастайды. Шырша мен қарағайға жақындағанда Тәңірден әуез келіп:
– Әй, жел, шырша мен қарағайдың жапырағына тиме! Олар қыста да жайқалып тұрсын! Кім құсқа қамқор болса, мен де соған қамқор боламын! – депті. Осылайша, жаралы құстың шарапатынан шырша мен қарағай мәңгі жасыл ағашқа айналыпты.

Comments are closed.