Жыл басында “Жыл құсы – 2021” бірқазан болды деп хабарланған еді. Бірқазандардың санына судың жеткілікті болуы ғана емес, сонымен қатар оның тазалығы да әсер етеді. Жақсы жемшөп базасы, яғни балық қоры өте маңызды. Бақылаусыз балық аулау факторы бірқазандарға зиянын тигізеді.
Бірқазандар заңмен қорғалады. Олар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, сонымен қатар бірқатар негізгі орнитологиялық аумақтарда өмір сүреді.
Отбасы хрестоматиясының “Экософия немесе киелі табиғат” кітабындағы бірқазан туралы аңыздарды ұсынып отырмыз.
Құстың бірқазан аталуы туралы аңыз
Ертеде бір ауылға қатты жұт келеді. Қыста аяз болып, малы қырылады. Жазда қапырық ыстық келіп, өзен-суы тарылады. Жерден қылтанақ шөп шықпай, берекенің құты қашады. Жұрт талғажау дән таппай, қарны ашады. Көңілді уайым мен қайғының қара бұлты басады. Шарасыз халық соңғы үмітін Құдайға тапсырып, Жаратқанға жалбарынып, өлімші хәлде жатады.
Бір кезде төбеден алып бір құс көрінеді. Ол ауылды жеті рет айналады да, ескі ошақтың жанына келіп қонақтайды. Аузын айқара ашып, көптен от көрмеген қара қазанға балықты толтырып, қайта ұшып кетеді. Мына кереметті көріп жұрт қазанға жапа-тармағай ұмтылады. Сол күні құс әкелген балықпен жан бағып, ашқұрсаққа дәм барып, тірі қалады. Ертесіне әлгі құс тағы да қара қазанды балыққа толтырады. Осылайша жұт кетіп, елдің кемтігі толып, төлдің басы құраққа, өзен мен сай бұлаққа толғанша бір қауым елді асырапты.
Ол заманда құстың атын ешкім білмейді екен. Үнемі бір қазан балық әкелетін ісіне сүйсініп, оны “Бірқазан” атап кетіпті.
Кейін халық бірқазанды аңдып жүріп, оның қалай балық аулайтынын бақылайды. Сөйтіп оның тұмсығына қарап отырып, балық аулайтын ау тоқып алады. Осылайша, балықшылық бірқазаннан қалыпты.
Алайда балық атаулының бірқазанға өкпесі бар екен. “Адамдарға ау жасауды үйреттің. Енді олар өзен-көлді былай қойып, теңіздегі ба-лықты тауысты. Қанағат дегенді білмейді. Бізге келген жұт саған да жетті. Енді өзің де азық таппай ашығып, азайып жатырсың. Шоқ-шоқ, бірқазан” – деп ашуланады екен.
Бірқазан туралы аңыз
Баяғыда бірқазан үш балапанын ұясына тастап, жем іздеп шығады. Бірақ, қырсыққанда сол күні тұмсығына шабақ балық та ілінбейді. Өзен-көлді қанша торыса да, талғажау етер нәр таппайды. Кешке дейін дамылсыз ұшып, көлді тұмсық-пен сүзіп әбден шаршайды. Ұясына қапшығы бос қайтады. Анасының алыстан ұшып келе жатқан сыбдырын естігеннен-ақ балапандары шиқылдап қоя береді. Олар қатты аш еді. Жан-жақтан жамырап, анасынан жем сұрайды. Бірқазан балапандарын қанатымен сипап аялағанымен шөжелері көнбейді. Шиқ-шиқ етіп, аузын анталай ашып, анасына қарай береді. Анасы шарасыздан не істерін білмей, тұмсығымен өз кеудесін соққы-лап, қанатады. Кеудесінен тілім ет жұлып алып, балапандарының аузына тосады. Шөжектерінің таласып, тармасып ас жеп жатқанын көргенде өз жанының ауырғанын ұмытып кетеді. Олар тойғанша кеудесінен ет кесіп бере беріпті.
“Баласы үшін қоң етін кесіп берді”, “Өз жанын құрбан етті” дейтін тәмсілдер, әу баста, осы бірқазанның ерлігінен туған екен.
Бірқазанға неге тиіспеу керек? (аңыз)
Мұхамбет пайғамбар Мәдинаға көшіп келген соң оған арнап үй салады. Жұрт жабылып асарлатады. Бірақ құрылысқа су жеткізудің машақаты көп еді. Күн ыстық, ауа қапырық. Құдықтан жарытып су шықпайды. Дұшпандары келеке етіп:
– Мұхамбеттің пайғамбар екені рас болса, неге көктен жаңбыр жауғызбайды? – деп өсектейді.
Кенет көктен бір топ бірқазан пайда болады. Олар ұртына су толтырып, балшыққа құя бастайды. Енді бірі қанатымен күнді көлегейлеп, көлеңке түсіреді. Жұрт кереметке таңғалды. Дұшпанның аузына құм құйылады. Құстар бір сәт дамыл таппай, көлден су таси береді. Осылайша пайғамбардың үйін лезде салып бітеді. Әзіреті Мұхамбет бірқазанның тұмсығынан сипап:
– Тұрқың шағын болса да, ұртың қазандай үлкен екен. Сымбатың көркем екен. Дүниенің төрт бұрышы саған жайлы мекен болсын! Бойыңа қасиет толсын! Сені нақақ өлтірген жанды кие ұрсын! – деп дұға қылады.
Осыдан бастап бірқазанды өлтіруге болмайды деген тыйым қалыпты.