Ұлттық паркте тынығушылар қоқысты сұрыптап жинап кетуі керек

Ерекше қорғалатын аумақтардағы мотивация беретін акциялардың ұстанымы — "қоқысыңды алып жүр де, тауды бүлдірме".
0
1038
Іле Алатауы

Қазақстандағы ұлттық парктер қоқысты сұрыптап жинауға қолайлы жағдай жасаған. Мұны Ecoinfo.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі кезде ұлттық парктер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап-шығаруға өз қаржысын жұмсап отыр. Бұл табиғи аумақтарда жиналған қоқысты уақытша сақтайтын алаңдар ашылған, оларда келушілерге мәлімет беретін тақталар бар.

Демалушыларға ұлттық парктердің экология бекеттерінде қоқысқа арналған пакет беріледі, адамдар қоқысын далаға тастамай, қолына алып жүруі керек. Мұндай акцияларды өткізуге мүдделі компаниялар жәрдем береді.

Іле Алатауы ұлттық паркінде қоқысты ажыратып жинау үшін 225 контейнер қойылған: 135-іне құрғақ, қалғанына сұйық не дымқыл фракциялы қалдық салынады. Контейнерлер үшін арнайы жабдықталған 32 алаң ашылған, қоқыс екі су жаңа автокөлікпен шығарылады.

Жыл сайын наурыздың 23-і мен маусымның 5-і аралығында ұлттық парктерде “Парктер шеруі” деп аталатын табиғат қорғау акциясы өтіп тұрады. Оған оқушылар, студенттер, жергілікті тұрғындар, жергілікті әкімдік пен азаматтық қоғам өкілдері қатысады.

Табиғи парктер аумағында тазалықты қадағалау үшін полицейлермен бірге рейд жүргізіліп тұрады. 2021 жылы 1 863 рет тексеру жүргізілген. Орманға қоқыс тастағандардың әрекеті 119 рет анықталды, кінәлілер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 372-бабы (“Орман фаунасын жою немесе бүлдіру, сондай-ақ орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдiру, ластау және орман қорының жерлерiне өзге де залал келтiру”) бойынша жауапқа тартылды. Олар барлығы 1 696 469 теңге айыппұл төледі. Табиғатқа келген шығын сомасы — 27 578 теңге. 2021 жылы ұлттық парктерде 1,5 миллион адам демалды, парктер аумағынан 830 тонна қоқыс шығарылды.

2022 жылдың алғашқы жартысында 2 970 рейд жүргізілген.

Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұлттық табиғи парктерде демалушылар қарасы шамадан артып кетпеуін қадағалайтыны хабарланған еді. Министрдің орынбасары Әлия Шалабекованың айтуынша, БҰҰ Даму бағдарламасымен бірге парк учаскелеріндегі рекреация мүмкіндіктері зерттеледі. Табиғи аумақтар туристерді сол шамадан асырмай қабылдауы керек. Ол үшін парктерге билет арнайы сайт арқылы сатыла бастайды.

Comments are closed.