Каспий итбалығы қалай тіршілік етеді және ол не себепті қырылып жатыр?

0
3769
коллаж

Алматыдағы Гидробиология және экология институты көктем және күз айларында Каспий итбалығының санын, биологиясын, миграциясын және азықтануын зерттейді. Кейінгі кездері Каспий итбалығының қырылып жатқаны туралы ақпаратты бірнеше рет естідік. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі дөп басып бір себебін айта алмады, жануардың қашан, неден өлгенін анықтау қиын екенін мәлімдеді. Осы ретте Ecoinfo.kz сайты институт маманы, кіші ғылыми қызметкер Жазира Сыдықовамен әңгімелесіп, итбалық тіршілігі мен қырылу себебін сұрады.

– Жазира, айтыңызшы, итбалықтар қандай жануар? Қалай тіршілік етеді? Оның ішінде Каспий итбалығы қалай ерекшеленеді?

– Итбалықтар – суда, теңізде өмір сүретін сүтқоректілер. Түрі, дене пішіні итке ұқсас болғандықтан оларды итбалық дейді. Негізгі ерекшелігі – сол тұқымдастарға жататын жануарлар ішінде ең кішкентай болуы. Кішкентай болса да, 200 метр тереңдікке дейін сүңги алады, су астында 20 минутқа дейін жүзе алады. Негізгі қорегі – Каспий майшабақтары, бұзаубас балықтар және тағы басқа кішкентай балықтар.

Бұл жануар қыста мұз үстінде көбейеді. Ең алғаш туған кезде күшіктерінің жүні аппақ болады. Балалары туған кезде бір айға дейін суға түсіп кетпеуі керек. Туғаннан соң бір ай мұз үстінде әлденіп, салмақ жинайды. Суда жүзе алатындай күшті болған кезде теңізге түседі. Оған дейін енесінің қасында өседі, емеді. Осы ретте айта кету керек, итбалық аналығының сүті өте құнарлы келеді.

Каспий итбалығының көлемі – 1,5 метрдей. Ал салмағы шамамен 60-70 келідей. Итбалықтар табиғатта 55-60 жыл өмір сүретіні зерттелген. Бірақ тәжірибеде өз көзіммен көріп, қолыммен ұстаған итбалықтар көп дегенде 26 жыл өмір сүргенін байқадым. Олардың 50-60 жасқа дейін өмір сүруі қысқарып жатыр деп мәлімдеме жасап жүрміз. Өйткені біз көрген итбалықтардың ешқайсы 50-60 жасқа жетпеген.

Каспий итбалығы – эндемик түр. Эндемик дегеніміз – тек бір жерде ғана кездесіп, бір жерде ғана тіршілік ететін түр. Каспий итбалығы тек Каспийде тіршілік етеді. Итбалықтың бұл түрін басқа теңізден көре алмаймыз.

итбалық

Каспий итбалығы. Фото: Гидробиология және экология институты

– Итбалық адамнан қорқа ма?

– Жоқ, итбалық – қызығушылығы өте жоғары жануар. Мысалы, олар адамды көрсе, қарап, бақылап тұруы мүмкін. Судан шығып, жақындауы да ықтимал. Адамға шабуыл жасауы өте сирек. Халық өзі қатыгездік көрсетпесе, олардан еш қауіп жоқ.

Экспедиция кезінде оларды бірнеше сағат бақылаймыз. Құстарға қандай реакция береді? Айналасындағы жағдайларға қалай әрекет етеді? Осының бәрін бақылау – зерттеудің бір бөлігі. Арасында біреу секем алып қалса, басқасы да сақ жүреді. Демалып жатса, бәрі жайбарақат жатады. Бір ғана отбасы болып жүрмейді, көбіне мың шақты болып, топтасып өмір сүреді.

экспедиция

Экспедиция. Фото: Гидробиология және экология институты

– Ал оларға өзге жануардан қауіп бар ма?

– Каспий итбалығы – Каспий теңізіндегі ең үлкен түр. Сондықтан оған басқа жануардан, балықтан қауіп жоқ. Көктем шыға салысымен итбалықтар теңіз жағасына шығып, күнге жатқанды ұнатады. Дәл осындай қолайлы жатақтардың саны азаю қаупі бар. Себебі мұнай өндіріліп жатқандықтан теңізде транспорт, аппараттар, адамдар жүреді, мұнай тасымалданады. Осындай жағдайдың бәрі итбалықтың емін-еркін тіршілік етуіне, жылы кезде жағада жатуына, қыста мұз үстінде көбеюіне кедергі келтіреді. Бұл да антропогендік фактордың бірі.

 – Итбалық қырылып қалғаны туралы ақпаратты естіп жүрміз. Мұның себебі неде?

– Каспий итбалығы 2020 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енді. Ал оған дейін жойылып бара жатқан түр ретінде есепте тұрған. «Қызыл кітапқа» енгендіктен оларға тиісуге, аулауға, тіпті оны таңбалап, gps орнатуға рұқсат жоқ. Біз бұрын бұл жануардың миграциясын анықтау мақсатында таңбалайтынбыз. Шекесіне gps спутниктік таңба жабыстырамыз, ол бір жылға жарайды. Одан кейін өзі түсіп қалады. Осындай тәсіл арқылы жануар қайда жүргенін спутниктен көріп, шамамен миграциясын анықтай алатын едік.

Ал қазір итбалық «Қызыл кітапқа» енгендіктен жануар заң аясында қорғалады, қатты қадағаланады. Сондықтан қазір оларды таңбалай алмаймыз. 2020 жылдан соң таңбалауға рұқсат сұрадық. Жауап болды, бірақ нақты қанша жануарды таңбалауға болатыны туралы жазылмаған соң таңбалай алмадық.

итбалықтар

Биыл Қаражанбас учаскесінен табылған итбалықтар. Фото: Баймұқанова А.М

1950-60 жылдарға дейін итбалықтар кәсіптік маңызы бар түр ретінде қаралды. Сол кезде жас итбалықтардың терісі, майы өте бағалы болды. Бір жағынан жануардың саны қанағаттанарлықтай болғандықтан ол заманда итбалықты терісі мен майы үшін кәдімгідей аулаған. Дегенмен адам белгілі бір мақсатта жануарды аулаған сайын оның саны азайып қалатынын ұмытпау керек. Дәл қазір біздің санауымыз бойынша Каспийдің Қазақстан бөлігінде шамамен 60 мың итбалық тіршілік етеді. Бұл аса қуанарлықтай жағдай емес, негізі бұдан да көп болуы әбден мүмкін еді.

Институт дерегі: XX ғасырдың басында итбалықтардың саны шамамен миллионнан асты. Ал XX ғасырдың ортасында жарты миллиондай болды. Одан соң ХХІ ғасырдың басында саны 100 мыңға дейін түсіп кеткен.

Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде жүргізілген санақ бойынша, қазір 60 мыңға жуық итбалықтың популяциясы бар. Бұл көрсеткіш кейінгі үш жылда сақталып келеді. Мұндай нәтиже популяция санының тұрақтылығын көрсетеді.

 – Өткен жолғы ақпараттан соң министрлік өлген итбалықтардың терісін зерттеу мүмкін емес екенін айтты. Өлген итбалықты зерттеу неліктен қиын?

– Көктемгі уақытта, дауыл, солтүстік-батыс пен батыстан соғатын жел басталған кезде жыл сайын Каспий итбалықтарының мәйіті Түбқараған түбегіне шайылып келетінін байқаймыз. Бұл – жыл сайын болатын табиғи құбылыс. Жылда көктемде, cәуірдің аяғы мен мамыр басында осы түбекке келіп, итбалықтың өлім себебін анықтау мақсатында зерттеу жүргіземіз. Ал биыл олар Бозашы түбегінде де табылды. Өлі итбалықтар теңізде де, жатақтарда да кездеседі. Дегенмен олар әртүрлі уақытта өледі. Сондықтан итбалықтардың көбінде ыдырау да әртүрлі жүреді. Бұл жағдайда токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық сынамаларды алу мүмкін емес. Оларды талдау жануарлардың өлімінің себебін көрсетуі мүмкін. Көбіне біз мәйіттерді тек сыртқы тексеруден өткізіп, итбалықтың балық аулау торларынан немесе оларды торлардан шығарған кезде алған түрлі соққылардан өлгенін, денелерінде тордың қалдығы бар-жоғын анықтай аламыз. 2020 жылы осы түбектен табылған қырылған итбалық саны 184 болды. Жыл сайын бұл көрсеткіш өзгеріп отырады. Бірақ әлі күнге дейін итбалықтың 184 экземплярдан асқан өлімі содан кейін тіркелмеді. Біз көрген ең үлкен көрсеткіш те – осы. Бұдан кейін дәл мұндай сан көрмей, қуанып жүрсек, бұл жолы өлі итбалықтар басқа жағалаудан табылды.

Жазира

Жазира Сыдықова. Фото жеке архивінен

Итбалық сыртынан бүп-бүтін болып, терісі бүлінбей тұруы мүмкін. Бірақ ішін ашқанда шіріп кеткен болып жатады. Сол үшін өлген итбалықты зерттеу әрдайым мүмкін бола бермейді. Биыл біз экспедиция кезінде өлгеніне көп болмаған тек бір ғана итбалық өлексесін кездестірдік. Гистологиялық зерттеуге ішкі ұлпаларынан сынама алдық.

Көбіне зерттеуге итбалық асқазанындағы балықтың құлағында болатын отолит сүйегін аламыз. Бұл сүйек ас қорыту жүйесіне түссе де, өз қалпын жоғалтпай, қандай балық түріне тиесілі екенінен ақпарат береді. Тура сол сүйекке қарап, итбалықтың қандай балық түрімен қоректенгенін анықтай аламыз. Негізінде итбалықтың жақында өлгенін көбіне кездестіре бермейміз.

Егер антропогендік факторлар итбалық денесінен көрініп тұрса, онда жануар адам әсерінен өлді деуге болады. Зерттеуде адам болсын, жануар болсын сол мезетте алынбаған үлгі пайдасыз болады. Бұрын өлген денеден бірнәрсе анықтау қиын.

экспедиция

Фото: Гидробиология және экология институты

 – Анропогендік факторлар деп қалдыңыз. Каспий итбалығына адамдардан қандай да бір қауіп бар ма?

– Дәл қазір Каспий итбалығына отандастарымыздан да, көршілерімізден де қызығушылық жоқ. Қазір бұрынғыдай терісі мен майы үшін ауламайды, рұқсат жоқ. Бірақ Ақтаудағы базардан итбалық майы сатылып тұрғанын өз көзіммен көрдім. Осы ретте айта кету керек, медицина итбалық майын пайдалы емес өнім қатарына жатқызады. Себебі итбалық майында токсин көп жиналады. Сондықтан шетелден келіп жатса да, итбалық майын пайдаланбаған дұрыс.

Балықшылар көлемі үлкен ауларды, тұзақтарды пайдаланған кезде итбалық та оған түсіп қалатын жағдайлар болады. Содан соң ол қайта шыға алмай қалады. Дәл осындай жағдайда балықшы қалай әрекет ететіні де белгісіз. Біразы шошығанынан сол торымен бірге оны қайта суға жібере салуы мүмкін. Болмаса, итбалық құрылып тұрған ауды өз күшімен жұлып кетеді. Бұндай жағдайда оның мойнына зақым келтіріп, жараланып, өліп қалуы ықтимал.

 – Итбалықтың қырылуына қарап, Каспий теңізінің климат жағдайы нашарлады деп айта аламыз ба? Итбалықтың қырылуы мен табиғаттағы өзгерістердің қандай байланысы бар?

– Қазір Каспий теңізі регрессияға ұшырап жатыр. Бұл да – қалыпты құбылыс. Жылда жауын-шашын түсуіне қарай теңіз деңгейі бір көтеріліп, сосын қайта түсіп тұрады. Салдарынан кейде кішкентай аралдар қалыптаса бтастайды. Теңізде жаңадан кішкентай аралдардың пайда болуы итбалықтың еркін жатуына, балалауына ыңғай жасайды.

Сонымен қатар Каспийде шамадан тыс жылы қыс болады. Бұл жағдай мұздың жіңішке болуына әсер етеді. Өзіне қажет салмақты жинап үлгермеген күшіктер жуан емес мұздан құлап, қырылып қалып жатады. Мұз еріп, бөлініп, енесінен ерте айырылып қалатын күшіктер де жетеді. Олар суға түсіп, қырылып қалмаса, ана сүтінен қағылған соң әлсіз болады, баяу өседі. Әрине, токсиндер сияқты заттар теңіздің бір бөлігінде көбірек болса, жануар ағзасына бірден әсер етеді. Ал теңіздегі басқа заттар біраз жыл бойы итбалық ағзасына жинала береді. Тіпті зерттеу кезінде жануар ағзасынан микропластиктер табылды. Енді ойлай беріңіз? Біпжерде отырғандықтан жай кездесіп ұяймай, әңгіме-дүкен құр,

Итбалық табиғи түрде өлуі де мүмкін. Бұл жануар нақты мына нәрседен қырылып жатыр деп айту негізсіз. Егер антропогендік факторларды көзбен көріп тұрсақ, онда итбалық адамның әсерінен, адамның кесірінен өліп жатыр деп айтуға болар еді. Бірақ жануар өлексесін көп жағдайда зерттеу мүмкін болмағандықтан оның қандай жағдайда, қай жерде, қашан өлгені белгісіз болып қала береді. Өлексе шіріп жатқандықтан одан гистологиясын да ала алмаймыз.

зерттеу

Фото: Гидробиология және экология институты

 – Тұрғындардың итбалыққа көзқарасы қандай?

– Балықшылар арасында «Итбалық бізге бәсекелес болады, құрған ауымыздағы балықтарды жеп кетеді» деген қорқыныш бар. Негізінен итбалықтың кәсіптік маңызы бар балықтарды жемейтіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Олар адам жейтін үлкен балықтарды жеуге шамасы жетпейді. Итбалық кәсіптік маңызы жоқ балықтармен қоректенеді. Екіншіден, итбалық өз қорегін жеу арқылы кәсіптік маңызы жоқ балықтардың санын реттеп отырады, бұл – табиғи процесс.

Егер популяцияда жануар не өсімдіктің бір түрі жоғалып кетсе, табиғи катастрофа болады. Сондықтан итбалықты қорғау, сақтап қалу Каспий үшін де өте маңызды.

 – Итбалықтарды жойылу алдында тұр деп айтуға бола ма?

– Ресейлік әріптестеріміз итбалықтардың өлім-жітімін қалыпты процесс деп қарауға тырысады. Бұны да жоққа шығара алмаймыз, шынында солай болуы мүмкін. Жылда мемлекет алдында есеп береміз. Көргенімізді, зерттеп, дәлелдеген мәліметтерді беруге тырысамыз. Сондықтан да «Итбалық жойылып жатыр» деп бір жақты айта алмаймыз. Бірақ неден қырылып жатыр, азаюына не себеп – оны да дөп басып айту қиын.

итбалық

Фото: Гидробиология және экология институты

 – Қарапайым азаматтар Каспий итбалығының ойдағыдай, емін-еркін өмір сүруіне, қырылмауына, олардың сақталуына қалай көмектесе алады? Бұл ретте қазақстандықтардың қандай жауапкершілігі бар?

– Қазақстан халқы көбіне Каспий итбалығы бізде ғана бар екенінен, ерекше түр екенінен бейхабар. Ақпараттандыру жетіспейді. Біздің флорамыз да, фаунамыз да өте бай. Бірақ сол туралы көбірек айтып, дұрыс құлақтандыратындай ақпарат көзі өте аз.

Әсіресе жергілікті тұрғындарға итбалық туралы көбірек айтылуы керек. Өйткені онда балық шаруашылығымен айналысатын адам көп. Кенет итбалық балықшының ауына түсіп қалса, адам онымен не істеу керек екенін білмейді. «Қызыл кітапқа» енген итбалықты өлтіргені үшін 300 АЕК-ге дейін айыппұл салынады. Балықшылар содан қорқады да, ауға түскен жануарды жібере салады. Қорыққанынан мүлдем жоламауға тырысады. Екіншіден, оларға қандай қарым-қатынас жасау керек екенін білмейді. Ал ауға түскен итбалық жаралы күйінде суға кетеді, сосын көп ұзамай өліп кетуі мүмкін. Егер Ақтаудағы оңалту орталығының мамандары байқаса, жануарды біраз күн емдеп, сосын теңізге қайта жібереді. Бірақ байқалмайтыны, жараланатыны қаншама?

экспедиция

Фото: Гидробиология және экология институты

Институтымыздың атынан Каспий итбалығын қорғау, санын арттыру мақсатында арнайы шот ашып қойдық. Соған бір рет бір отандасымыз 10-15 мың көлемінде қаржы жіберіп, қолдады. Неліктен? Себебі ол кісі Каспий итбалығы туралы білгендіктен, жағдайдан хабардар болғандықтан қолдап отыр. Итбалықтың қандай жануар екенін, қалай, қайда тіршілік ететінін тіпті менің таныстарым білмейді. Фотосын көрсеткенде ғана «Мына жануар екен ғой» деп жатады. Ал өзіміз барынша бұл жануар туралы айтып, құлақтандырып тұруға тырысамыз. Осымен екі рет осы тақырыпта талқылау вебинарлары өтті. Оған алыс-жақын шетелден итбалықтарды зерттеп жүрген ғалымдар қатысып, ойын ортаға салды.

Мемлекеттен ибалықтарды сақтап қалуға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатыр. Ресей мен біздің ғалымдар арасында келіссөз де жүргізілген. Олар есептеген көрсеткіш пен біздің сандар арасында сәл айырма бар. Бұйырса, тамыз айына қарай екі елдің зерттеушілері бас қосып, зерттеудегі айырмалар туралы айтып, ортақ бір мәмілеге келсек деген ой бар. Сонда мемлекетке нақты ұсыныстар бере аламыз. Бірақ қазіргі мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар да институттың ұсыныстары еді. Соған қарағанда ілгерілеу бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.