Заңсыз құрылыс

Тығыздайтын құрылыстар экологияның бірнеше мәселесін ушықтырады

Сейсмология институтының бұрынғы басшысы қауіпсіздік пен экология үшін ірі қалаларда тығыз құрылыстар мен автокөлік санын азайту керек дейді.
0
552

Қала ішіндегі жекелеген нүктелерге тұрғын үй салу дұрыс емес. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ЮНЕСКО-ның жер сілкінісі мәселелері бойынша эксперті Таңатқан Абақанов ішінара құрылыстарға қатысты тұрғындар наразылығы орынды деп есептейді.

Ғалым “кез келген қала тарихи құрылыс бойынша дамуы керек” дейді:

“Қала ішіндегі нүктелерге салынатын құрылыс дұрыс деуге келмейді. Өйткені зәулім үйлерді бір жерге апарып тыға салады. Бұл сол құрылысты салатын және оны қаржыландыратын ұйымдарға ғана пайдалы. Бұрыннан бар коммуникацияға қосыла салады, жаңа коммуникация салмайды. Содан ноян пайда табады. Ал өрт болған жағдайда ол жерден ешкім шыға алмай қалады. Жер сілкінгенде өрт болатыны белгілі. Үйдің маңы қаптаған машина болады. Алматыда машина мен адам саны теңесіп барады. Кешкісін көлікпен жүру қиын. Сондықтан халықтың мұндай ретсіз тұрғын үй құрылыстарына наразылығы өте орынды”.

Ғылым докторы қала іші көпқабатты жаңа үйлермен тығыздала, тарыла түскен сайын автокөлік қозғалысы қиындайтынымен бірге тағы бірнеше экологиялық мәселе ушығатынын айтты: құрылыс шаңының онсыз да ластанып жатқан ауаға таралуы, биік әрі тығыз тұрған ғимараттардың кесірінен ауа айналымының нашарлауы, жасыл желектің оталуы.

Құрылыс маманының айтуынша, бұл мәселеге заң талабын күшейту керек.

“Алматыда тау бөктеріндегі ағаштың бәрі шабылды. Оның орнына үй салынып жатыр. Қажет пе, қажет емес пе, оны ешкім саралап жатқан жоқ. Оның бәрі құрылыстан пайда тауып отырған адамдарға ғана қажет. Мысалы, Шымбұлақ аумағында тұрғын үйлер салынған, ол құрылыстарды иелері қалай заңдастырды? Мұның бәрін анықтау – үлкен мәселе. Құрылысты заңсыз салып алып, кейін заңдастыратындар бар. Осы мәселеге көңіл аудару керек”, – дейді академик.

Таңатқан Абақанов жекелеген нүктелерге салынатын құрылыстан бас тарту мүмкін болмаған жағдайда инженерлік желілерді жаңадан, бөлек қылып тартқан дұрыс дейді. Содан кейін қалада автокөлік қозғалысына шектеу қойған жөн. Жалпы, урбанистика мен экология талаптарына айрықша ден қоятын кез келді.

“Қазіргі жаңа тұрғын үйлер сейсмикаға төзімді деп айта аламын. Өйткені қадағалау жағдайы өте зор. Ал енді автокөлікті азайту керек. Бір адам таңнан кешке дейін бір машинада не бітіреді? Қазақстанның әр түкпірінен келіп, такси боп жұмыс істегеннен басқаны білмейтін боп барады. Осыны тоқтату керек. Лицензиясы бар такси ғана жүруі керек. Қоғамдық көлікке басымдық беру керек. Құрылыс шаңы, көлік газы адам денсаулығы мен тіршілік ортасына зиян екені бәріне белгілі. Құрылыс керек, бірақ ол заңды түрде болуы керек. Тұрғын үй салғанда экология мәселелерін қадағалау керек”, – дейді техника ғылымдарының докторы.

Ecoinfo.kz “Сейсмикалық қауіпті бағалау және жер сілкінісін болжаудың заманауи әдістері” тақырыбындағы халықаралық конференцияда Таңатқан Абақановпен сөйлесіп жатқанда Медеу ауданы тұрғындарымен кездескен Алматы әкімі Ерболат Досаев осы мәселелерге жауап берді. Қала басшысы “құрылыс ережелерін реттеп, тау бөктеріндегі құрылысқа тыйым саламыз” деді. Оның айтуынша, тау бөктеріне үй салуға кезінде аумақ Алматы облысына қараған кезде Талғар ауданының әкімдігі рұқсат берген. Бұл аумақ Алматыға берілгеннен кейін ол нысандар заңсыз құрылыс ретінде оңтүстік астананың проблемасына айналды. Әкім қолымда Төтенше жағдайлар министрлігінің “тауда сел жүреді, сол себепті ондай аумаққа үй салған қауіпті” деген қорытындысы бар деп отыр. Ол 2022 жылдың аяғына дейін жасалатын Алматының жаңа бас жоспары бойынша қалада жасыл аймақтар ұлғайтылып, көлік инфрақұрылымы басқаша басқарылатынын айтты.

“Жақсы инфрақұрылым болса, автокөлік нөпірін азайтуға мүмкіндік туады. Мегаполиске көп адам келетіні, мегаполис жұмыс орындарын ашқаны – әрине, қалыпты жағдай. Бірақ біз депутаттардан жуық арада стандарт енгізу мәселесі бойынша қолдау күтеміз. Біз бас жоспарды қайта қараймыз, оған қаланың тынысын кеңейту үшін айтылған барлық талап енгізіледі. Қала бұрынғы мәртебесіне оралады деп үміттенеміз. Бұл – мен үшін маңызды мәселелердің бірі”, – деп келтіреді “ҚазТАГ” әкімнің Медеу ауданы тұрғындарымен кездескен кезінде айтқан сөзін.

Ерболат Досаев “Каменка үстіртінде алма бағы оталып жатыр” деді. Сол себепті қала аумағындағы жеміс бақтарын рекреация аймағына енгізуге күш салатынын айтты.

“ҚазТАГ” журналистері кейінгі 2 жылда Алматы тұрғындары қала ішінде босаған қуыстарға тұрғын үй салуға кемінде 12 рет қарсы шыққанын жазады. Хронологиясы мынадай:

2020 жыл

29 ақпанда Ганди атындағы саябақта митинг өтті.

2021 жыл

13 ақпанда Нұрмақов көшесінің тұрғындары наразылық білдірді;

18 наурызда Жеміс сүрлеу комбинаты ауданы тұрғындары 57 көпқабатты үй құрылысына қарсы акция өткізді;

30 наурызда Самал-2 тұрғындары тығыздайтын құрылысқа қарсы наразылық білдірді;

12 сәуірде “Кәусар” тұрғын үй кешені тұрғындары осы маңдағы жаңа құрылысқа қарсы шықты;

2 маусымда наразылық акциясына Манас, Әуезов, Шевченко көшелерінің бұрышында тұратын азаматтар жиналды;

22 қыркүйекте тұрғындар Назарбаев даңғылы мен Қозыбаев көшесі арасында басталған құрылысқа қарсылық білдірді.

2022 жыл

20 ақпанда Бостандық ауданы тұрғындары наразылық білдірді;

5 сәуірде мұндай акцияны Қалқаман ықшамауданының тұрғындары өткізді;

9 сәуірде Минин көшесінің тұрғындары BI Group компаниясынан ескі үйлерден босаған орынға жаңа құрылыс емес, саябақ салуды талап етті, 2 айдан соң осы оқиғадан хабар таратқан “Защитим Алматы” қозғалысының жетекшісі, экобелсенді, суретші Салтанат Тәшімова қамауға алынды;

14 сәуірде Ерболат Досаевпен кездескен қала тұрғындары одан тығыздаушы құрылыстарды тоқтат деп талап етті;

11 маусымда Гагарин мен Короленко көшелерінің қиылысында тұратын тұрғындар үй маңындағы жаңа құрылысқа қарсы шығып, көлік жолын жауып тастады, оқиға барысында бір адам қайтыс болды.

“Защитим Алматы” қозғалысының мәліметінше, Алматы тұрғындары барлығы 96 нысанның құрылысына қарсы. Азаматтық белсенділер қала ішін тығыздайтын құрылыстар экологиялық апатқа ұрындырады деп дабыл қағып жүр.

 

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.