Көктемде жан-жануарға тиіспе
“Экософия немесе киелі табиғат” кітабындағы әңгімені жариялап отырмыз.
“Көктемде жан-жануарға тиіспе” деген тыйым Нұхтан қалыпты. Оның кемесі Қазығұртқа тоқтаған соң, ол апаттан аман шыққанына шүкірлік етіп, құдайы тамақ береді. Қоймадағы азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай, жүгері, тары, бір тостақ су, бір шөкім тұз қалыпты. Пайғамбар бәрін қазанға салып пісіреді. Аз ғана жеті дәмнен наурыз көже жасалады. Жанды мақұлық жиылып кеп, пайғамбардың қазанынан дәм татады. Құдайдың құдіретімен жан-жануарға тоқшылық дариды.
Кемедегі аңдар бір-бір жұптан болғасын, бірін-бірі жесе, жойылып кетер еді. Ал шөп толық шықпаған. Аң-құстар орман-тоғайды түгіл толтырып болғанша, көженің тоқтығы тарқамапты.
Көктемде жан-жануарға қамқорлық ету Нұхтан өнеге болып қалыпты. Кім жануарларды нақақ өлтірсе, Нұхтың наласына қалады екен.