Қарапайым тұрғын ауаның ластанбауына қалай көмектесе алады?

0
1446
Алматы, смог

Алматы ғана емес, адам тұратын кез келген елді-мекеннің ауасы үнемі ластанады. Бұған бір ғана себеп емес, бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, Алматының тұмшасы көбіне жылу электр станциясы мен транспорттан шығатын түтіннен пайда болады екен. Сонымен қатар қоқысты өртегенде және жеке үйлердің мұржасынан шығатын түтін тағы бар. Бір сөзбен айтқанда қандай ауамен тыныстайтынымыз да әрқайсымыздың іс-әрекетімізге байланысты.

Қарапайым тұрғын өзі тұратын жердегі ауа сапасын қалай жақсарта алады? Бәрінің қолынан келетін бірнеше кеңес ұсынамыз.

Күзде қураған жапырақты өртемеу

Қыс басталар кезде әдетте жердегі сарғайған жапырақтың бәрі жиналады. Кейбірі осы жапырақты өртейді. Негізі сарғайған жапырақты өртегенде одан тұншықтырғыш газ бөлінеді. Ал мұндай газ адам организміне оттегінің түсуін баяулатады. Сонымен қатар өртенген жапырақтан бензопирен мен диоксин бөлінеді. Осының бәрі адам ағзасында ұзақ жылдар жиналып, онкологиялық ауруларға себеп болады.

Өртенген жапырақ адамға ғана емес, жануарлар мен өсімдікке, су мен топыраққа да зиян тигізбей қоймайды. Тіпті жапырақ өртеніп жатқанының өзі қауіпті. Қатты жел тұрса, от үлкен көлемді жерді алып кетуі мүмкін.

Сарғайған жапырақты өртемей, оны топырақты құнарландыруға пайдалануға болады.

Қоғамдық көлікпен немесе жаяу жүру

Кез келген автокөліктен ауаға белгілі бір мөлшерде зиян заттар тарайды. Қалада көлік көп болған сайын ауа да ластана береді. Оның үстіне бір отбасының бірнеше көлігі болуы мүмкін.

Сондықтан қоғамдық көлікпен жүрген әлдеқайда тиімді. Автокөлікке 5 адам отырады деп есептесек, арнайы маршрутты одан көп адам қолдана алады. Есесіне ауаға зиян зат сәл болса да, азырақ тарайды. Сонымен қатар автобуспен жүрген арзан.

Қоғамдық көлікпен жүруден де оңтайлы шешім бар. Ол – жаяу жүру. Адам жаяу жүргенде тек өзінің ресурсын жұмсайды, жанармай қолданбайды. Есесіне ауа ластанбайды әрі жаяу жүру адамның өзіне пайдалы.

Жаяу жүруді қаламайтын жандар велосипед, электросамокат немесе электромобиль қолдануына болады.

Қоқысты сұрыптау

Пластиктің зияны туралы кейінгі жылдары көп айтылады. Материалдың қаншалық зиян екені әлі толық зерттеліп болмады. Бірақ оның қоқыс полигонында жатқанының өзі ауаға, топырақ пен суға зиян заттар бөледі. Сондықтан оны сұрыптап, қайта өңдеу орталықтарына тапсырған жөн.

Қағаз-картонның айтарлықтай зияны жоқ. Дегенмен сол қағазды жасап шығуға қаншама ағаш кесілгенін ойлап көріңізші? Ал ауаның таза болуына бірдн бір үлес қосатын өсімдік емес пе? Ағаш өзіне ауадағы зиян затты сіңіріп, орнына оттегі бөледі. Ал егер адамның жақсы тыныстауына көмектесіп тұрған өсімдікті қағаз жасауға кесе берсек, не болады?

Сондықтан қағаз-картонды жинап, қайта өңдеу орындарына тапсыру да ауаның ластанбауына көмектеседі.

Электр энергиясын үнемдеу

Электр энергиясын үнемдеу – қоршаған ортаға зиян қалдық бөлмеудің кең тараған тәсілі. Мысалы, жылу электр станциялары көмірді, газды немесе мұнайды пайдаланады. Осылайша ауаға көмірқышқыл газы көп мөлшерде бөлінеді. Соның салдарынан үлкен мегаполисте тұмша пайда болады. Сондықтан электр энергиясын үнемдеуді ұсынамыз.

Электр энергиясын қалай үнемдеуге болады?

Компьютердің орнына ноутбукты қолдану. Себебі компьютер үнемі тоққа қосылып тұрады.

Ұйықтар алдында, үйден шығарда немесе ұзақ сапарға кеткенде үйдегі электрондық бұйымдарды тоқтан суырып кету. Егер үйде адам қалмаса, тоңазытқышта азық-түлік болмаса, бәрін тоқтан ажыратып кетуге болады.

Жарықдиод шамын (светодиодный) қолдану. Мұндай лампа электр энергиясын аз жұмсайды.

Смартфонды әуережиміне қойып қуаттау да электр энергиясын аз жұмсауға көмектеседі.

Сонымен қатар белгілі бір файлдарды арнайы сақтау серверінен өшіріп отыру да, электрон поштадағы ескі хаттарды өшіріп отыру да электр энергиясын үнемдейді екен. Себебі сол компания осы қызметтерді ұсынып отырғаны үшін белгілі бір көлемде электр энергиясын жұмсайды.

Comments are closed.