Германия

Германия тәжірибесі: табиғатты қалай қорғаймыз?

0
1085

Ecoinfo.kz сайты экологияға бейжай қарамайтын елдердің тәжірибесі туралы әңгімелеуді жалғастырады. Бұл жолы Германия мемлекетінің қоршаған ортаны таза ұстауға қатысты ережелері туралы айтамыз.

Бір бөтелкеге 25 цент

Германияда жыл сайын “Қазан фестивалі” (October fest) өтеді. Бұл күні халық жаппай сыртқа шығып, сыра ішеді. 2018 жылы осындай мерекелердің бірінен соң жергілікті студент фестивальден қалған бөтелкелерді жинап, қайта өңдейтін пунктке өткізеді. Осылайша студент 4 мың еуро (шамамен 2 миллион теңге) тапқан екен.

Иә, Германияда бөтелкені жинап, оны өткізіп, ақша табуға болады. Себебі бұл елде сусын бөтелкесін қоқысқа тастамай, қайта өткізсеңіз, 25 цент береді. Бұл шамамен – 105 теңге.

Қоқысты сұрыптау

Германияның үлкен қалаларынан шағын аудандарына дейін қоқысты сұрыптайды. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кез келген дүкенде сусынның бөтелкесін, пластик ыдыстарды салып, ақша алып кетуге болатын аппараттар бар. Мұндай дәстүрді немістер XX ғасырдың соңынан қолданып келеді. Германияда қалдықтың 53%-і қайта өңделеді. Қоқысты сұрыптамаған жергілікті азаматқа айыппұл салынады. Ал шетел азаматын қоқысты сұрыптап, өткізбегені үшін визасынан айыруы мүмкін.

Сонымен қатар Германияда қолданылған лампалар мен батареяларды да өткізуге болады. Мұндай бұйымдар қайта өңделеді.

Велосипед немесе электромобиль

Германияда велосипед айдайтындарға жақсы жағдай жасалған. Барлық жерде веложол бар. Егер велосипед дөңгелегі жарылса, желі шықса, оны тегін жөндеуге болатын орындар да жетеді.

Ал электромобиль айдайтын тұрғындар 5 жылға дейін салықтан босатылады. Бес жыл өткеннен кейін де салықты 50% қысқартады. Ал гибрид көлік айдайтындар басқалармен салыстырғанда салықты 1,5 есе аз төлейді. Ал қалған көліктердің салығы оның ауаға қанша газ бөлетініне қарай есептеледі.

Comments are closed.