Аида Балаева

Аида Балаева: Жастардың экологиялық білімін шыңдау керек

0
901

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында қызғалдақ гүлі туралы жазды. Министр бүгінде қызғалдақтың “Қызыл кітапқа” еніп, сирек кездесетін гүлге айналғанын айтты. Сонымен қатар ол қызғалдақ сияқты гүлдерді сақтау үшін экологиялық білімді де артыру керек деп есептейді.

“Қызғалдақ – менің ең сүйікті гүлім. Туған жер, балалық шақ дегенде көз алдыма ең әуелі қызғалдағы жайқалған жасыл алқапты тұтас Жетісу жері елестейді. Сондықтан бұл – менің балалық шағымның гүлі, туған жерімнің символы. Өкінішке қарай, бала кезде қызғалдақтың “Қызыл кітапқа” еніп, сирек гүлге айналатынын білмедік. Сол уақытта табиғаттың қадіріне бойламағанымыз бүгінгі салдарын көрсетіп отыр. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың экологиялық білімін үздіксіз шыңдап отыру – ең өзекті міндет болуға тиіс”, – деді Аида Балаева.

Министр Қазақстан қызғалдақтың Отаны екенін де айта кетті.

“Жалпы қызғалдақтың тарихи Отаны – Қазақстан екенін бүкіл әлем біледі деп ойлаймын. Тіпті дүниежүзіне “қызғалдақтар елі” болып танылған Голландия мемлекеті де бұл деректі мойындайды. 2002 жылы Елбасымыз Нидерланды корольдігіне ресми сапармен барғанда ел ханшайымы осы жайтты айта келе, Тұңғыш Президентіміздің құрметіне арнайы өсірілген “Назарбаев қызғалдағын” ұсынған еді”, – деді ол.

Қожа Ахмет Яссауи халықаралық қазақ-түрік университетiнің ботаника бағы бүгінде қызғалдақтың бірнеше түрін өсіреді екен. Министр университетке сапар барысында осы іске куә болғанын жазды.

“Бүгін Қожа Ахмет Яссауи халықаралық қазақ-түрік университетi ұжымы атынан “Президент Назарбаев” қызғалдағын алып, ерекше қуанып отырмын. Университеттің ботаника бағы ұжымы қызғалдақтың басқа да бірегей түрлерін өсірумен айналысады. Тамаша бастама. Қызғалдақтың тарихи отаны ретінде елімізде осы гүлдің өзіндік ерекше түрінің болуы заңдылық деп ойлаймын. Гүл бағбандарына, бүкіл Университет ұжымына сәттілік тілегім келеді. Кең даламыз жайқалып, қызыл-жасыл гүлге орана берсін”, – деп жазды Аида Балаева.

Дерек: Қызғалдақ еліміздің дала аймақтарында жиі кездеседі. Бұл гүлдің 33 түрі бар, оның 11-і Қазақстанның эндемигі болып есептеледі. Қызғалдақтың сирек кездесетін 13 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізіліп, ерекше қорғалады. 

Comments are closed.