“Экософия немесе киелі табиғат” кітабы

0
4163

“Экософия немесе киелі табиғат” кітабы “Отбасы хрестоматиясының” жобасы. Экософия деп қоршаған ортаны мән мен мазмұнға толтыруды айтады, яғни әрбір өсімдік пен аң-құсқа биология көзімен емес, экософияның назарымен қарауды үйретеді. Адам қоршаған ортасына кие дарытып, хикмет өрнегін тоқитын болса, өмірдегі мәнін де, миссиясын да тез табады.

Экософия деген не?

Бір күні Арне Несс деген ғалым көшеде торғай қуып жүрген бір топ
баланы көреді. Кенет бір үйдің шарбағына қарлығаш келіп қонады.
Балалардың бірі қарлығашты көздеп, тас атпақ болған. Балалар шу етіп:
– Ей, ақымақ, атпа! Болмайды! – деп жабыла кетеді. Әлгі бала сасып
қалып:
– Неге? Не үшін? – деп сұрайды.
– Негесі қалай? Қарлығаш киелі құс, әке-шешең айтпап па еді? – деп
ұрысып береді. Артынша жол үстіне кептер келіп қонады. Сонда әлгі бала:
– Ал кептерді атуға бола ма? Әлде бұл да киелі ме? – деп жасқана
сұрапты.

Бұл көрініс Арне Неске ой салады. Табиғаттағы кей аң-құстың киелі
аңызы бар. Жұрт оларды сол үшін қадірлейді. Ал аңызы жоқ немесе
ұмытылған аңдар тоғышар адамның көңіл көтеру объектісіне айналып, бірте-бірте жойылады. Сондықтан әр жануардың аңызын іздеп, оларды дәріптеу қажет.

Мысалы, әлгі балалар торғайдың аңызын білсе, оны да қарлығаш секілді атпас еді. Керісінше, жанашыр болып, жем шашуы мүмкін. Енді қарлығашты алып қарайық. Ол «қызыл кітапта» жоқ, мемлекет те оны қорғап жатқан жоқ. Құсты қорғап тұрған қарлығаш туралы киелі аңызы. Әйтпесе, биологиялық тұрғыдан торғай мен қарлығаштың айырмашылығы шамалы.

Сөйтіп Арне Несс 1973 жылы “экософия” немесе “Deep ecology” деген
ғылым жасайды. Мағынасы: табиғаттың киелі мәніне үңілу деген сөз. Ал экологияға киелі мәнді сіңіретін нәрсе – иләһи кітап, пайғамбарлар және әулиелер. Әр аң мен құстың артында иләһи мазмұн тұрмайтын болса, ол жануар табиғаттан оңай жойылады.

Арне Несспен келіспеске шараң жоқ. Мысалы, Қаратауда Бабатүкті
Шашты Әзіз әулиенің бұлағы бар. Оны Жылыбұлақ деп атайды. Бұлақтан жиналған кішігірім көлде балық өте көп. Бірақ оларды ешкім ауламайды. “Әулиенің балығы” деп тиісуге қорқады. Одан басқа жердің бәрінде балықты қырып аулап жатыр. Сол сияқты Маңғыстаудың Оғланды тауындағы арқар-киіктерді қараңыз. Емін-еркін жайылып жүреді. Адамнан үрікпейді. Жұрт та оларға тиіспейді. Себебі оны Бекет атаның арқары деп біледі. Ал, одан өзге жердегі арқар мен киік адамның өзі тұрмақ, иісі жетсе қашады. Яғни Оғландыдағы арқарды сақтап тұрған Бекет атаның шарапаты.

1985 жылы мынадай тәжірибе жасалды. Тайландық Нэнси Нэшем деген эколог экософияны алғаш практикаға ендірген. Себебі 1985 жылға дейін Тайландта экология күрт нашарлап, жұрт аң-құсты қалай болса солай атып, қыра бастайды. Маймылдың өзі азайып кетеді. Сол кезде әлгі эколог Будданың 2500 жылдан бергі жиналған ілімдерін ақтарып экософия аңыздарын жинайды. Будданың пілмен сөйлескен, маймылдың басынан сипаған, қотыр итке су берген, ағаш еккен қиссаларын оқу орындарында тегін таратады. Арада 20-30 жыл өткенде жаңа буын өсіп шығады. Бір қызығы, жаңа ұрпақта экологиялық этикет қалыптасады. Олар бұрынғыдай аңдарға тиіспейді. Бәрін киелі санап тұрады. Бұл бір жағынан ырықсыз эффект туғызды. Осының арқасында Тайланд табиғаты экзотикалық туристік елдердің біріне айналды.

Экософия ең алдымен мектептегі биология пәнін сынайды. Олар аң-
құсты биологиялық өлшемге салып, түрлі отрядқа бөліп тастады. Соның кесірінен бала жануарларға бір бірінен айырмашылығы жоқ, биологиялық обьект деп қана қарайды. Оларға жаны ашымайды. Қоршаған ортаны, әрбір тіршілік иесін киелі, сакральды дүние ретінде қабылдай алмайды. Әсілінде, балаларға биология пәнімен қатар жануарлардың киесін баяндайтын аңыздар да айтылуы керек. Сол үрдістің болмауынан әлемде аң-құсқа мейірімсіз, оларды қыра беретін жаңа безбүйрек ұрпақ өсіп келеді.

Бұл Қазақстанға да таңсық емес. Қазір елдің флора мен фаунасын қорғау жылдан жылға қиындады. Мемлекет “Қызыл кітаптағы” тізімді көбейтіп, браконерлермен күресті күшейтіп, айыппұл мен жазаны қанша жерден арттырғанымен жануарларға деген «геноцид» тоқтайтын емес. Аң-құстың ерекше түрлері жойылып та барады. Браконьерлер аң тұрмақ, оны қорғап жүрген қорықшыны да шіміркпей атып тастайтын күйге жетті. Соңғы бір жылда осындай екі оқиға тіркелді. Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазинов деген екі қорықшы киіктерді күзетіп жүріп браконерлердің қолынан қаза тапты. Қазір қазақ даласындағы ақбөкендер саны 150 мыңнан асып жығылады. 1980 жылдарға дейін солардың саны 2-3 млнның арасында болған. Ал, 2003 жылы 23 мыңы ғана қалған. Неге сонша азайды деп ойлайсыз? Себебі 80 жылдарға дейін қазақ арасында ақбөкен туралы аңыздар, ертегілер, ән-күйлер жиі айтылатын. Жұрт оны киелі деп сенетін. Ал аңыз-қисса айтатын көнекөз қариялар азайып еді, жұрт жыбырлаған тірі жәндік көрсе болды шіміркпей қыра беретін болды. Әсілінде көне заманның «экологтары» бүгінгі мамандардан әлдеқайда тиімді жұмыс жасайтын еді. Олар – аңызшыл қарттар. Қазір аң-құсты аман сақтайтын ілім – экософия. Мұны эколог ғалымдардың көбі мойындайды.

Америкалық экософ Б.Кэлликотт: “Жер шарын сау-саламат сақтағымыз келсе, барлық қасиетті діни мәтіннен экологиялық этиканы бөліп алып, дербес пән ретінде қалыптастыру керек”, – деп әлемдік экологтардың алдына ұсыныс тастады. Оның канадалық әріптесі Дэвид Сузуки де “Табиғатты саламат сақтау үшін баланың жан дүниесі сакральді дүниетаныммен баюы керек” деп ұран көтерді. Линн Уайт есімді енді бір америкалық ғалым: “Экологияны қорғаумен айналысатын жаңа дін ойлап табу керек не болмаса ұмытылған көне аңыздарды қайта тірілту керек” – деді.

Соның нәтижесінде қазір әлемнің кейбір дамыған елдері экософияны мектепке қосымша пән ретінде кіргізіп жатыр. Біз де өз тарапымыздан бұған үлес қосуды жөн көрдік. Себебі жер шары адамзаттың ортақ үйі. Оның аң-құсы мен өсімдігі де адамзаттың ортақ дүниесі. Оны қорғау үшін жұмыла күресу керек.

Leave a reply