Сабан кереует

Қазақстан кәсіпкері күріш сабанынан экокереует жасайды

Бизнестің бұл жаңа бағыты — бұған дейін қолға алынған экобаспана салу тұжырымдамасының жалғасы.
0
935

Алматы облысындағы EcoFermer кәсіпорны қарағай мен сабаннан жасалған кереует шығара бастады. Мұндай жұмсақ жиһаздың материалы қоршаған ортаға зиянсыз әрі емдік қасиеті бар, сондықтан да дүниежүзінде трендке айналды.

EcoFermer кереуеттерінің қаңқасы қарағайдан жасалады, матрасына көпіртілген полиуретан орнына түзулеп жиналған күріш сабаны төселеді. Кәсіпорын басшысы Денис Теннің айтуынша, сабанның денсаулыққа пайдасы мынадай:

  • жүйке жүйесін тыныштандырады, күйзелістен арылтады;
  • массаж сияқты денені жақсы сауықтырады әрі омыртқаға пайдалы;
  • дыбыс өткізбейтіндіктен ұйқы сапасын арттырады, ұйқысыздықтан арылтады;
  • ішкі органдар жұмысын жақсартады;
  • улы заттары жоқ;
  • қылқанжапырақты ағаштың сезілер-сезілмес жағымды иісі мұрын қуысының шырышты қабығына және жалпы ағзаға оң ықпал етеді.
Экокереует

Фото: Instagram/Ecofermer.kz

“Өндіріс көп кезеңнен тұрады. Жиһаз жасау үшін сабан әбден сығымдалады. Маған ағаштан, табиғи материалдардан бұйым жасаған ұнайды. Кереуеттердің бағасы тапсырыс түріне қарай жеке-жеке келісіледі”, — дейді экофермер.

Өндірістің бастапқы кезеңінде ені 110, ұзындығы 200 сантиметр болатын кереуеттер шығарылып жатыр. Сыртқы эстетикасы кәдімгі жиһаздікінен кем емес. Экошеберлер сабан матрасты кереует ондаған жылға шыдайды деп отыр. Олар осылайша елімізде өндіріске пайдаланыла қоймайтын күріш сабанын кәдеге жаратудың амалын тапқан.

“Біздің сабаннан жасалған кереуеттеріміз табиғи реңкі әртүрлі болғандықтан кез келген интерьермен үйлеседі. Сыртқы түрі ағаш-жаңқалы тақтайдан жасалған бұйымдардікінен анағұрлым артық, өйткені мұның нағыз ағашқа тән фактурасы мен қанық түсі бөлмеге бекзат, көркем шырай береді”, — дейді Денис Тен.

Экоферма қоршаған ортаға зиянсыз материалдардан сабан кереуеттермен бірге моншаға арналған құрал-жабдық пен жиһаздар және сәкі-күрке түрлерін де жасайды. Бұл – EcoFermer бизнесінің жаңа бағыты.

Фото: Instagram/Ecofermer.kz

Бұған дейін өндіріс орны экологиялық құрылыс жобаларының авторы Евгений Широковтың технологиясы бойынша сабан панельдер шығаруды қолға алған. Жиһаз шеберханасы Денис Теннің экобаспана салу тұжырымдамасын толықтырып тұр. Сонымен бірге бұл экоферма жауынқұрт шаруашылығы арқылы алынатын органикалық тыңайтқыштарымен де танымал.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.