Өскеменде қоқыс өртейтін зауыт салынбайды
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қалада қоқыс өртейтін зауыт салынбайтынын хабарлады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
“Қалада қалдықтарды өртейтін зауыт салынбайды. Кейінгі кезде қала тұрғындары мен қоғам белсенділері қоқыс өртейтін зауыт салу жоспары туралы айтып, қайта-қайта осыған қатысты сұрақтарын қойып жүр. Осы жағдайларды ескере отырып, қалада мұндай зауытты салмауды жөн көрдік. Болашақта мұндай кәсіпорынды салу мәселесі қолданыстағы табиғатты қорғау заңнамасының талабын ескере отырып қарастырылады”, – деп жазды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Мұндай ақпарат 19 қаңтарда “РОП Оператор” ЖШС Қазақстанда утилизация үшін ақша жинау құқығынан айырылған күні пайда болды. Дәл осы кәсіпорын еліміздің алты қаласында, соның ішінде Өскеменде қалдықтарды жағу зауыттарын салу жобасын жоспарлаған еді. Тіпті зауыт салуға қала ішінен, қоқыс полигоны мен қоқыс сұрыптау зауытына жақын маңнан жер бөлініп қойған еді.
Қала тұрғындары қоқыс өртейтін зауыттың Өскемен шекарасында пайда болуына үзілді-кесілді қарсы болды. Олар белсенді түрде арыз-шағымын жолдап, түрлі учаскелерде бұл мәселені ашық көтерді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда алты қоқыс өртейтін зауыт салмақ. Мұндай зауытты билік Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде, Шымкент пен Таразда салуды жоспарлап отыр.
Қазақстанның экологтары мен экобелсенділері елімізде қоқысты өртейтін зауыт салуға қарсы. Олар әлеуметтік желіде қозғалыс бастап, қоқысты неге өртемеу керек екенін айтып, наразылық танытып отыр. Экобелсенділер мен табиғатқа жанашыр мамандар қоқысты өртеудің зиян екенін айтып, оған бірнеше дәлел келтірді. Қоғам белсенділері “қоқыс өртейтін зауыт салуға қарсымыз” деп петиция толтырды. Петицияны жалпы 2292 адам толтырған.