Экология: Ойыңызды өзгертер фильмдер
Ecoinfo.kz сайты табиғат пен қоршаған орта туралы фильмдер топтамасын ұсынады. Бұл фильмдерде ғылыми деректер көбірек. Көріп отырып, күнделікті қолданатын заттарымыз бен айналамыз туралы біле бермейтін дүниелермен танысуға болады.
Қоқыс/ Мусор (2012)
Фильм авторлары Жер планетасының, айналамыздың, табиғаттың ластануы қандай жағымсыз оқиғаларға себеп болатынын зерттеп көрген. Сонымен қатар олар адам денсаулығына қоқыстың қандай әсері болуы мүмкін екенін қарастырады. Фильмде ғалымдар, зерттеушілер, лас қоршаған ортадан зардап шеккен адамдар да өз ойын айтады. Туындының соңында зерттеушілер нақты шешімдер ұсынады. Олардың сөзінше, көп созбай қоқыстың біраз бөлігін қайта өңдеп отыру керек. Қазір бастасақ және үнемі әдетке айналдырсақ, белгілі бір жақсы өзгеріске қол жеткізуге болады екен.
Сәннің құны қанша?/Реальная цена моды (2015)
Бұл – күнделікті біз киетін киімдер туралы деректі фильм. Онда сән индустриясының дүниежүзіне, қоршаған ортамызға әсері туралы айтылады. Фильм режиссеры Эндрю Морган сән әлемінің құпия пердесін ашуға тырысқан. Туынды “Шынымен де сәннің құны қанша? Сәнді киіну үшін адамзат қандай нәрсені құрбан етіп жатыр?” деген сұрақтарға жауап іздейді. Ол үшін фильм авторы дүниежүзіне танымал сән көрсетілімдері өтетін қалаға және сол киімдерді жасап шығатын кедей елге барады.
Киім жылдан-жылға арзандап барады. Ал өмір сүру құны мен қоршаған ортаны қорғауға кететін шығын аспандап жатыр. Неліктен бұлай? Қарапайым халық қоршаған ортаның ластанбауына қалай көмектесе алады? Деректі фильмнен бұрын біз ести қоймаған ақпараттарды білуге болады.
Теңіз айлағы/ Бухта (2009)
“Теңіз айлағы” фильмінде Тайцзи қаласының тұрғындары ұйымдастыратын жыл сайынғы дельфин аулау дәстүрі көрсетіледі. Балықшылар сүтқоректілерді тар шығанаққа апарады. Дельфиндердің кейбірі аквариумдарда ұстау үшін сатылады. Ал көбін базарларда етін сату үшін аулайды. Тайджи жағалауында жылына шамамен 23 мың дельфин өледі екен. Фильм деректі криминал жанрына жатады. Онда балаларға көруге ұсынылмайтын кадрлар болуы мүмкін. Көңілшек адамдарға көруге ұсынылмайды.
Жер тоқтаған күн/День, когда Земля остановилась (2008)
Фантастика, триллер, драма сүйер қауымға арналған әрі экологиялық проблеманы қозғайтын фильм. Сюжет желісі бойынша Жерге өзге ғаламшарлық келіп, адамдарға соғысты және басқа да зұлымдықты тоқтатуын ескертеді. Олай болмаған күні Жер бір-ақ сәтте істен шығуы мүмкін екенін, ол іштен құри беретінін айтады. Бірақ адамдар өзгеғаламшарлықтың сөзіне құлақ асар ма екен?
Бізге ыңғайсыз шындық/Неудобная правда (2006)
“Бізге ыңғайсыз шындық” (An Inconvenient Truth) — 2006 жылы режиссер Дэвис Гуггенхайм мен саясаткер, қоршаған ортаны қорғаушы Аль Гор түсірген жаһандық жылыну туралы деректі фильм. Бұл деректі фильм екі рет “Оскар” алған. Ғаламдық жылыну сөзі кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Бірақ біразымыз оның не екенін, қандай өзгеріс екенін түсіне бермейміз. Сондай жандар үшін ғалымдар осы деректі фильмде ғаламның жылынуы бізге қалай әсер ететінін айтып берді.