Сәуле Жолдаяқова

Сәуле Жолдаяқова: Табиғатқа сүйсіне білген адам оған қамқор бола алады

0
1898

Сәуле Жолдаяқова – эколог, экология тәрбиесі бойынша инструктор. Ол жақында ғана Жапониядағы Токай университетінде докторантураны бітіріп, Қазақстанға оралды. Күншығыс елінде Сәуле 11 жылдай тұрды, тәжірибе жинады. Бүгінде оқығанын тәжірибеде жүзеге асыру үшін елге келді. Ecoinfo.kz сайты Сәуле Жолдаяқовамен әңгімелесіп, біраз экологиялық проблемаларды атап, шешімін де қарастырды.

– Сәуле, сіз Қазақстанға жақында ғана оралдыңыз ғой. Біздегі экологиялық проблемалардың ең бірінші қайсын байқадыңыз?

– Қазір Нұр-Cұлтанда тұрып жатырмын. Келе сала бұл жақтың ауасы жақсы емес екенін байқадым. Әдетте Алматының ауасы нашар екені көп айтылады ғой. Оны арнайы құрылғысыз да көре аласыз. Тура солай Нұр-Cұлтанда да ауа сапасы бұзылып жатыр екен. Күнде кешке көмір жаққанда шығатын иіс байқалады. Салыстырмалы түрде бас қала ауа сапасы жағынан Алматыдан жақсырақ. Бірақ көңіл бөліп, шара қолдану керек.

– Ал Жапония мұндай проблемамен қалай күресіп жатыр?

– Қазір Жапонияда ауа ластануына байланысты мәселе жоқ. Себебі ауаның ластануы оларда 1960-65 жылдары экономика қарқынды дамыған кезде қатты білінген. Үлкен өндіріс орындарынан шығатын түтін ауаны кәдімгідей бүлдіріп, ел көп мәселеге тап болған. Токионың қасында Кавасаки қаласы бар. Онда бірыңғай зауыттар орналасқан., өндіріс қаласы болып есептеледі. Бір кездері сол өңір “Мұнда көк аспан ешқашан көрінбеген” деп айтатындай жағдайда болған. Ал қазір барсаңыз, аспан шайдай ашық, ауасы тап-таза. Халық ауаның сапасына көп алаңдамайды. Себебі өткен ғасырдың ортасында-ақ өндіріс ошақтарына фильтр орнатып тастаған.

Сонымен бірге Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бекіткен заң бойынша, ауаның ластану деңгейі, шығатын түтіннің қандай да бір көлемі белгіленіп қойған. “Мынаған дейін ғана ауаға белгілі бір зат бөлу рұқсат етіледі” деген сияқты шектеу бар. Кез келген компания осы бекітілген межеден төмен болуы үшін тырысады, өз ішінде белгілі бір ережелер бекітеді. Меніңше, бұл – өте ерекше әрі қажет қадам. Қазақстанда мұндай ереже болса да, компаниялар аса мән бермей, зиян қалдықты көп шығарып жатады. Ал Жапонияда кез келген кәсіпорын жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Мысалы, Жылу электр станциялары Жапонияда да бар. Бірақ олар өздерінің технологиясы жақсы дамығанын айтады. Егер Жапония жылу электр станцияларын басқа ауасы ластанған елдерге қойса, онда баламалы, қымбат энергия көзін іздеудің қажеті жоқ деп есептейді. Мұндағы билік ауаға зиян зат тарамауы үшін технологияны да соншалық деңгейде дамытқан. Бір жағынан Жапонияда өте ірі кәсіпорын жоқ. Болса да, кез келгенінде арнайы фильтр бар.

Екіншіден, Жапонияда дизель отынымен жүретін көліктер жоқ. Тіпті бензинмен жүретін автомобильдер де азайған. Көбіне гибрид, электр қуаты мен бензин алмасып жүретін көлік көп. Сонымен қатар электр энергиясымен, сосын сутегімен жүретін машиналар танымал болып келе жатыр. Әзірше, электр энергиясымен, сутегімен жүретін авто қымбат, қолжетімсіз. Бірақ биліктегілер осындай көлікпен жүретін адам көбейсін деп, түрлі жеңілдік ұсынып жатыр. Жапония XX ғасырдың соңында-ақ көліктерді, оның қандай отынмен жүретінін қадағалай бастады.

Жалпы Жапонияда табиғатты аялау, онымен үндестікте болу, оған зиян келтірмеу – бұрыннан бар түсінік. Жапон халқының дүниетанымында, философиясында қоршаған ортаның орны ерекше. Табиғатпен етене байланыста болу олардың өмір сүру салтына сіңіп кеткен. Бір жағынан бұл халық кішкентай ғана аралда тұрады. Онда табиғи апаттар жиі болады. Сондықтан кім болса да, табиғатты бақылай білуі керек. Мысалы, жапондар жыл сайын сакураны тамашалауға барады. Сонымен қатар олар осы ағаштың жылдан жылға ерте гүлдеп жүргенін біледі. Содан олар климат өзгеріп жатқанын сезеді, оған алаңдай алады.

Жапонияда “моттайнай” деген түсінік бар. Бұл біздің “ысырап” деген ұғымымызға ұқсас. Моттайнай ұғымы бойынша табиғи ресурстарды қажетінен артық пайдаланбау керек. Тура осы сияқты “ысырап болады” деген тәрбие бізде де бар ғой. Нанның қиқымын неге шашпа дейді? Себебі жерде шашылып жатқанша, құстарға қорек болсын, қиқымды соларға бер деп үйретеді. Қазақтың құрт, жент, талқан сияқты тағамдары да ұзақ сақтауға арналған ғой. Ертең ашып кетіп, оны тастап жүрмеу үшін, айналасын таза ұстауы үшін кезінде қазақтар осындай амалдар қарастырды. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деп те бекер айтпады. Осының бәрі біздің ата-бабамыз табиғатпен байланыста өмір сүргенін көрсетеді. Тек қазір мұндай ұғымдарды жоғалтып алған сияқтымыз. Ал жапондарда мұндай мәдениеттің бәрі әлі күнге дейін сақталған, қолданыста.

– Жапондар жай ғана сакураның өзіне аса құрметпен қарайтынын байқаймын. Ал сіз мұндай дәстүрден қандай экологиялық тұжырымдарды байқадыңыз?

– Алғаш Жапонияға барғанда бәрі сакураның гүлдегенін айтып жүрді, тамашалауға барып тұрды. Қарап отырсам, сакура – ешқандай жеміс бермейтін жай гүл. Бірақ олар осы бір кішкентай істен үлкен мағына шығарып отырады. Содан “Адам бірнәрсені тамашалай алғанда, оның сұлулығына сүйсінгенде ғана соны қорғауға дайын болады” деген қорытындыға келдім.

Егер қазақстандықтарда өз елін, табиғатын аралап, тамашалауға мүмкіндік болса, әдемілікке сүйсіне алса, онда оны қорғап қалуға да жанын салады деп ойлаймын. Өзім де экология бойынша білім алып жүрген кезде оны тек мамандық ретінде көретінмін. Бірақ Жапонияда экологияны тек аудиторияда емес, сыртта да үйретеді. Арасында бізді табиғатқа жіберіп, тау-таспен танысуымызға, өсімдікті иіскеп, сезінуімізге мүмкіндік береді. Теңіздің түбіне түсіп, тасбақаларды көретінбіз. Жақын маңдағы аралдарға апаратын. Сонымен бірге зауыттарға, Жылу электр станциясына, қоқысты өңдейтін мекемелерге экскурсия жасайтынбыз. Өзім сол сабақтардан соң ғана қоршаған ортаны мамандығым үшін ғана емес, жалпы өмірім үшін танып, сезіне бастадым. Сосын бір сәтке қазақстандықтар да осылай табиғатты тамашалай алса екен деген ойға кеттім. Сонда айналасына басқаша көзқараспен қарайтын шығар дедім. Бірақ былтыр Көбейтұзда болған жағдайды естіген соң бізге әлі де қатал тәртіп керек екенін түсіндім.

– Жапониядағы экологиялық жағдай жақсы екенін естіп жатырмыз. Дегенмен оларда да өте өзекті болып тұрған экологиялық проблема бар шығар?

– Жапония қазір қоқыс мәселесін шешуі керек. Себебі олар – әдемілікті, ұқыпты болуды жақсы көретін халық. Сондықтан кез келген тауарды әдемі қаптамаға орап, ұсынып жүреді. Мысалы, бір қорапқа салынған печеньенің әрқайсы тағы қағазға оралады. Содан күнде көп қоқыс шығады. Бұл нәрсені олар тазалық үшін деп түсіндіреді. Пандемия кезінде бұл тұсы шынымен өзекті шығар. Бірақ бәрін қаптап, орап тастайтын әдеті маған ұнамайды. Қоқыс көбейіп жатқанда полиэтилен пакетті қолдануға тыйым салды. Керек болған жағдайда сатып алу керек. Тіпті қағаздан жасалған пакетке де ақша төлейді. Осындай себептермен бүгінде халық арасында шопер сөмкелерін алып жүретін адам көбейді. Полиэтиленді сатып алудан халық өзі де бас тартып жатыр.

 Phattana Stock / Shutterstock

– Қателеспесем, Жапония халқына қоқысты сұрыптау міндеттеледі. Солай ма?

– Иә, әр қала мен ауданның қоқыс тастауға қатысты өз ережесі бар. Қоқысты ең көп сұрыптайтын Токушима префектурасындағы (біздіңше облыс) Камикацу қаласы. Бұл аймақ тұрғындары қоқысты 34 материал бойынша сұрыптап, өткізуі керек. Біразы үшін бұл – уақыт алатын, қиын іс. Қарапайым пластик бөтелкенің өзін үш түрге бөліп тапсырасың: пластиктің өзі, қақпағы, сыртындағы қағазы. Халық толықтай осы ережеге бағынады деп айта алмаймын. Бірақ көбіне тұрғындар ережені ұстануға тырысады. Егер қоқысты түріне қарай бөліп, сұрыптамаса, ол сол жерде жата береді, алып кетпейді. Тіпті студенттер тұратын жатақханада да қоқыс қадағаланады. Сұрыптаудан қашатын студенттерді қадағалап жүретін үлкендер де бар. Содан студенттер де өз ісінен ұялатын жағдайға жетті, қоқысты жинап, сұрыптай алатын болды.

– Сіздіңше, Қазақстандағы қай мәселе экология жағынан өзекті болып тұр?

– Қазақстанда ауа мен судың ластануы жиі айтылады. Полигондағы қоқыс мәселесі мен Арал теңізінің жағдайы, сосын Семей полигонының салдары тағы бар. Осы бес мәселе өте өзекті деп ойлаймын. Бұлардың бәрі өзара тығыз байланысты. Ауа мен судың ластануы үлкен өндіріс ошақтарынан болып отыр. Бұл мәселені ғалымдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдардың көмегімен шеше аламыз. Ал қоқыс мәселесін бір жолға қою үшін үкімет те, жеке азаматтар да әрекет етуі керек. Судың тазалығына келсек, мұнда халықтың жауапкершілігі басым. Әр адам суды ластамай, ысырап етпей, дұрыс пайдаланғаны жөн. Себебі бізде су ресурсы шектеулі, трансшекаралық өзендерді басқа мемлекеттермен ортақтасуға мәжбүрміз. Егер сол елдер де суды ластап, орынсыз қолданса, оның бізге тікелей әсері бар. Барлық өзеннің 45%-і трансшекаралық өзен болып саналады. Қазақстан территориясының 2%-і ғана жер үсті су ресурстарына тиесілі.

Қазақстанда осы су мәселесімен айналысатын ұйым жоқ. Ал трансшекаралық өзендерді Сыртқы істер министрлігі қадағалайды. Ал суды тарату ісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында. Қарап отырсаң, басқарушы адам көп, бірақ бәрі бірге суды дұрыс қадағалай алмай отыр. Мысалы, қазір Каспий теңізі тартылып жатыр деп экологтар бас көтеріп жүр. Бұл мәселені де өзіміз ғана емес, басқа елдермен де ақылдасып, шешуіміз керек.

Экология – өте күрделі сала. Оны бір ұйым болып қана қарастыру мүмкін емес. Түптеп келгенде экология экономикамен тікелей байланысты. Бірақ біз экономиканы дамытамыз деп, қоршаған ортаны ластап алмауымыз керек. Жапония сияқты табиғатқа зиян келтірмей-ақ дамуға болады. Олар қателесті, экологиялық апаттарға ұшырады. Бірақ олар оның бәрін зерттеп, қайталанбауы үшін тырысып келеді.

Қазір біздің Экология, геология және табиғатты қорғау министрлігі біраз жобаны қолға алып жатыр. Бірақ мұндай кең, ауқымды проблема тек министрліктің ісі болып қалмауы керек.

Қоқыс өртейтін зауыт Жапонияда да бар. Оның бірі Токионың дәл ортасында орналасқан. Сыртына қарап, қоқыс өртейтін зауыт деп ойламайсыз. Ауласы да, іші де өте таза. Мұндай зауытта қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды өртеп, электр қуатын алады. Сосын оны сол маңайдағы үйлерді жылытуға жұмсайды, жарық қосады. Демек мұндай зауыт Жапонияға зиян болып жатқан жоқ әрі тұрғындар да қарсы емес. Ал Қазақстандағы қоқыс өртейтін зауыт қандай жүйемен құрастырылатынын білмейінше, көрмейінше, оның дұрыс не бұрыс екенін айта алмаймын.

– Экотуризм туралы не айта аласыз? Пандемия кезінде әдемі жерімізді құртып, ұятқа қалған жайымыз бар.

– Экотуризм Қазақстан үшін өте маңызды. Әсіресе, карантин кезінде халық өз жеріне, табиғатына саяхат жасап, қыдырғысы келді. Бірақ бұл ретте экобілім, экотәрбие керек. Бағана айтқан негізгі бес мәселемен қатар елімізде экотуризм, экотәрбие, экобілім жағы ақсап тұр. Ал Жапонияда балабақшадан бастап бүлдіршіндерге қоқысты қалай сұрыптау керек екенін үйретеді. Біздің балабақша мен мектептерде де экология пәнін енгізіп, оны балаға қызық болатындай етіп жеткізу қажет. “Ағаш отырғызу керек, табиғатты аялау керек, жануарларға қамқор болу керек” деген жаттанды сөздермен емес, нақты күнделікті кезігетін мысалдармен түсіндірген абзал. Өзім табиғатқа шықпайынша экологияны жете түсінбеппін деп айттым ғой. Тура сол сияқты табиғатта серуендеп жүріп, ондай жерде өзін ұстауды, тазалық сақтауды, айналасын шашпауды көрсетіп, үлгі болуға әбден мүмкіндік бар.

– Экология мәселесінде қарапайым тұрғындардың да жауапкершілігі бар ғой. Сіз біраз жылдан соң елге келіп, халық арасынан нені байқадыңыз? Адамдар қоршаған ортаны таза ұстауға қаншалық араласып жатыр?

– Осыдан 10 жыл бұрын мен Жапонияға кетпей тұрғанда Қазақстанда қоқысты сұрыптау деген үрдіс жоқ еді. Ал қазір Алматыда экобелсенді адамдар көп. Олар қалдықты жинап, өткізуді күнделікті әдетіне айналдырған. Дегенмен арасында қоқысты жинауға, оның қайта өңделетініне күдікпен қалайтындар да бар. Олар “Мен пластикті бөлек салсам да, оны бүкіл қоқыспен бірге алып кетеді ғой” деп сенбейді. Мұндай мәселені бірлесіп шешуге тура келеді. Себебі қала тұрғыны “Мен сұрыптасам да, бұлар оны өңдемейді” деп ойлайды. Ал сол қоқысты жинап жүретін ұйым “Тұрғындар бәрін араластырады, дұрыстап сұрыптамайды. Содан бәрін бірге алып кетеміз” дейді. Ортада диалог жоқ, ашып айтып, сөйлеспейді, түсіндірмейді. Мысалы, қоқысқа жауапты ұйым халыққа “Біз мына күні осы жәшіктегі қоқысты алып кетеміз. Оған мынандай материалды салуға болмайды” деген сияқты нұсқау берсе, айтса, тұрғындар түсінеді ғой. Өзім де Нұр-Cұлтанда осындай мәселемен кезігіп жүрмін. Ұйдің қасында екі түрлі жәшік бар. Сыртында қандай қалдықтар салу керек екені жазылған. Мен оған сол жазбаға сай келетін заттарды тастаймын. Бірақ басқа тұрғындар бұған мән бермейді екен, кез келген қоқысты лақтырып кетеді. Енді көрші үйлерді аралап, бәріне қалдықтарды бөліп салу керек екенін түсіндірсем бе деп ойлап жүрмін.

Жапонияда бұл жағынан бәрі жақсы. Себебі онда әр тұрғынға жылда қоқысты қалай сұрыптау, тастау керек екені анық әрі түсінікті жазылған нұсқаулықтар беріледі. Мысалы, “Осы айдың сейсенбі, жұма күндері жанатын қоқысты, ал сәрсенбі күні пластикті алып кетеміз” деп арнайы күнтізбе ұсынады. Онда бәрі түрлі түспен боялған. Қай жәшікке нені салу керек, қалай төгу керек деген мәселе тумайды. Бізде де әр пәтерге осындай нұсқаулықтар берсе, халық та сол тәртіпті ұстанады деп ойлаймын.

Кейде өзім араласатын адамдармен сөйлескенде олардың кейбірі “Қоқысты сұрыптап жүретін жағдай жоқ. Онсыз да проблема, шаруа бастан асады” деп жатады. Бұл – өте өкінішті жағдай. Біз оны қазір ойлап, бүгіннен бастамасақ, ертең бәрі кеш болады. Әрине, халықты қоқысты сұрыптамайтыны үшін кінәлай алмаймыз. Бәрі бірте-бірте қалыптасатын шығар. Бірақ қазір ең болмаса Алматы мен Нұр-Сұлтан халқын қалдықты сұрыптауға үйретсек, бұл тенденцияны өңірлерге жеткізу қиын болмайтын сияқты. Сонымен бірге бұл жерде ақпараттандыру шарасын да қолға алу керек. “Қалдықты шашпай, жеке-жеке жинап, арнайы жәшікке салсаң, одан мынадай нәрсе жасалады немесе қайта өңделеді. Сонда айналамыз да таза болады” деп бәрін жақсылап түсіндіріп отыру керек. Халық та өзі шығарған қоқыс қайда баратынын біліп отыруы керек.

Budgetdirect.com.au

– Еліміздегі экологтардың жағдайы қандай? Олардың зерттеу жасап, ізденуіне мүмкіндік бар ма?

– Елімізде Қазақстанның экологиялық жағдайын халықаралық деңгейде зерттеп, қарастыра алатын маман аз. Дегенмен қазір Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы бар және басқа ұйымдар да ашылып жатыр. Мемлекеттік ұйым болмаса да, жеке-жеке жұмыс істеп жүрген бастамашыл топтарды байқадым. Олар көбіне халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге, түсіндіру жағына көңіл бөліп жатыр. Ал өндіріс орындарындағы экологтарға түрлі міндет жүктелген. Олар бірінші қауіпсіздік бойынша маман болады, сосын қоршаған ортаны қорғайтын қызметкер болады. Ал экология үшінші орында тұр. Елімізде өндіріс орындарына қойылатын талаптар, заңнамалар бар. Онда зауыттар қоршаған ортаға зиянын тигізбей жұмыс істеу керек екені қарастырылған. Осы талаптармен экологтар айналысады. Ал өндіріс орындарының басшылығы эколог емес, штрафты төлеп, мемлекетпен келіссөз жүргізе алатын маманды алуға тырысады.

– Экологиялық мәселелерді жеткізу жағы қалай? Мектепте қоршаған ортаны қорғауға қатысты пән енгізу керек пе?

– Әрине, табиғатты қорғауға қатысты сабақтар керек. Ондай сабақта Қазақстандағы нақты экологиялық проблемаларды қарастырып, оны қалай шешуге болатынын талқылау керек. Әсіресе, еліміздегі проблемаларды шешу үшін оқушылар не істей алатыны туралы әңгімелесіп, мұғалім нақты қадамдар ұсына алуы керек. Мысалы, оқушылар бүгін пластикті көп қолданудан бас тартып көрсін. Ертеңнен бастап жолда шашылып жатқан қандай да бір затты көрсе, соны көтеріп, жәшікке салсын. Ата-анасына қоқысты сұрыптауға болатынын айтып, үйдегі қалдықты сұрыптауды бастасын. Экологиялық тәрбие, білім әлі де бізге қолжетімсіз сияқты көрінеді. Мен осыны түсінбеймін.

Қоршаған ортаны таза сақтау үшін эколог болудың қажеті жоқ. Жай ғана өмір стиліңді қайта қарастырып, белгілі бір әдеттер қоссаң, жеткілікті. Тамақты тек қажет мөлшерде пісіріп, ысырапқа жол бермесең, осының өзі қоршаған ортаның таза болуына ықпалың. Бәрі жарықты қажет емес кезінде өшіру, пайдаланбайтын затты токтан суырып қою сияқты кішкентай істерден басталады.

Бір танысыма “Жарықты сөндіріп қой, телефон қуаттағышты токтан алып таста” десем, “Көп энергия кетіп қалмайды ғой” деді. Ал мен “Барлығы сен сияқты ойлай берсе, қанша энергия босқа кетеді?!” деймін. Жапондарда “Бір адамның жүз қадамынан, жүз адамның бір қадамы әлдеқайда маңызды” деген сөз бар. Дүкенге барғанда полиэтилен пакет алмай, азық-түлікті өз сөмкеңізге салып кетсеңіз, соның өзі қоршаған ортаға жанашырлығыңыз. Әр адам іс-әрекетін қадағалап, “Мынауым ысырап болмай ма?” деп ойласа, бәрі жақсара түсер еді. Пандемия болмайынша, адамдар күнде маска таққан жоқ қой. Қазір маскасыз ешқайда шықпаймыз, оны тағу әдетке айналды. Тура сол сияқты кішкентай істерді әдетке айналдырсақ, соның өзі жетіп жатыр.

Қазіргі экологиялық проблемаларды жаңа технологияның көмегімен шешуге болады. Ол үшін энергияны аз жұмсайтын құрылғылар қолдануға немесе баламалы энергия түріне көшуге болады. Бірақ проблема шешілді, болды деп отыра алмаймыз ғой. Қазір өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге, келешек ұрпаққа табиғатты аялауды, жан-жағына зиян тигізбеуді үйретуіміз керек. Олар онсыз да азайып жатқан ресурсты тиімді қолдана білуі керек.

– Әңгімеңізге рақмет! Табыс тілейміз.

Comments are closed.