Нариман Қыпшақбаев

Нариман Қыпшақбаев: Үкіметте судың жайын білетін басшы жоқ

0
42

Қазақстанда трансшекаралық өзендер тартылып, су мөлшері азайып барады. Су тапшылығы егін, мал, балық шаруашылығына орасан зиян келтіреді. Қазір Орта Азия елдерінен келетін Сырдарияның Қызылорда тұсындағы, Ресейден ағатын Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы арнасының жартысына жуығы құрғаған. Қытайдан бастау алатын Іле өзені 10-15 жыл бұрынғы деңгейінен әлдеқайда таяз.

Азаттық советтік және тәуелсіз Қазақстанның су шаруашылығы министрлігін 20 жыл басқарған гидротехник Нариман Қыпшақбаевпен сұхбаттасты. Сұхбатты қаз қалпында ұсынып отырмыз.

Азаттық: Әуелі Сырдарияның жайын айтсақ. Қызылорда тұрғындары бір жағалаудан екінші бетке өзенді кешіп өтіп жүрміз дейді. Мәселе неге дәл осылай ушығып кетті?

Нариман Қыпшақбаев: Қазақстанда су ресурсын басқару республикалық, бассейндік, әкімшілік деңгейде болу керек, ол туралы Су кодексінде жазылған. “Суға назар аудармай отырған қазақтардың өзі кінәлі” деген сөзімді дәлелдеу үшін айтып отырмын. Заң бар, бірақ орындалмайды. Біріншіден, кемшілік өзімізден. Екіншіден, өзге елдермен ортақ ұйымдар құрылды.

Жарғысы, ережесі, келісімі бар. Аз, жетіспейтін суды қалай бөлдік, сол күйінде берейік деп келіскенбіз, бірақ сол орындалмай отыр. Оны Өзбекстан, Тәжікстан бұзып отыр. Қырғыздар да аздап бұзады. Өйткені оларда [су] өзіне жетпей жатыр.

Мысалы, суды бөліп тұратын Сырдария өзені бассейні басқармасы бар. Міне 30 жыл осы мекемені Өзбекстан азаматы басқарып келеді. Бес жыл сайын бірде Қазақстан, келісіде Тәжікстан, сонан соң Қырғызстан азаматы ауысып басқаруы керек қой.

Өзбекстан бұған көнбейді. Неге? Суды біреу көп, біреу аз алуы заң тұрғысында басқа мәселе. Осы басқарма суды бөліп, ашып-жауып тұруға құқылы деп қаулыда жазылған. Егер мекеме Қазақстанға тиесілі суын 2019, 2020, 2021 жылдары бермесе, қандай жауапкершілік арқалайды? Ол жазылмаған. Құқығы бар да, жауапкершілігі жоқ.

Сырдарияның жылдық су қоры 37 миллиард текше метр. Қазір төрт мемлекет одан 50 миллиард текше метр су алып отыр. Қалай? Оның себебі өзен бойында 3,5 миллион гектар (суармалы) жер бар. Негізгі су соған пайдаланылады. Суарылғаннан кейін су жерге сіңіп, дренаж жүйесі арқылы жер астымен дарияға қайта құяды. Мұның көлемі 12 миллард текше метр. Екеуін қоссақ, 50 миллиард текше метрге барады.

2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ дүние жүзіндегі 200 мемлекеттің 2030 жылға дейін тұрақты дамуы деген бағдарлама қабылдаған. Ол жерде кез келген елдің тұрақты түрде дамуы сумен тұрақты қамтамасыз етілуіне байланысты деп атап жазылған. Міне осы Қазақстанға жетпей қойды ғой.

Азаттық: Мемлекет су үшін дұрыс жұмыс істемей отыр деп сынадыңыз. Осы жүзеге асуы үшін жеке министрлік құрылуы керек пе?

Нариман Қыпшақбаев: Мемлекеттік деңгейдегі ұйым болуы керек. Су министрлігін жойды. Министр болатын адамға “Су жайлы не білесің?” деген сұрақ қоймайды. Жылда өзгертеді. Бізде қазір келіссөз жүріп жатыр. Қытаймен 24 өзенді бөлісеміз. Орта Азия елдерімен бір-екеуден ғана. Маман емес адам миллиард халқы бар Қытаймен қалай сөйлеседі? Өзім сол комиссияның мүшесімін. Оларға қалай сөйлеу керегін түсіндіремін. Олар ештеңе білмейді. Мемлекет осыны ойлауы керек қой.

Келіссөзге қазір Қожаниязов (экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов – ред.) қалды. Оның алдында осы қызметте болған Ерлан Нысанбаев – орман инженері. Оған дейін Ислам Әбішев отырды. Оның да мамандығы басқа. Бәрі жақсы жігіттер, кінә жоқ. Бірақ судың жайын, келіссөз жүргізуді білу керек қой. Өзбек пен қытайдың көзіне қарап, не ойлап отырғанын білу қажет.

Өз ұстанымыңды есеппен дәлелдеу керек. Жазып берген қағазды мінберде сыдырытып оқып шығумен шектелген жарамайды. Қазақстан содан зардап шегіп отыр. Мұны мемлекеттік қылмыс деп есептеймін. Мемлекет негізі – жер мен су. Соған ие бол. Бұл екеуі – тіршілік көзі. Осыны айта-айта шаршадым.

Экология министрлігіне экология, су шаруашылығы, орман шаруашылығы, геологияны – бәрін қосты. (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан) Назарбаевтың “ақылды ұсынысы”. Назарбаев та, (қазіргі президент Қасым-Жомарт) Тоқаев та судың маңызын түсінбей отыр. Жаңа штат ашпай-ақ, департамент, комитеттегілері қосып министрлік құрса, мемлекетке залал келмейді. Су – стратегиялық маңызды нәрсе екенін дәлелдеп талай құжат өткіздік, соны орындамай отыр.

Азаттық: Жайық өзені суын бөлісуде Қазақстан мен Ресейдің үлесі қанша болу керек?

Нариман Қыпшақбаев: Еділдің де, Жайықтың да бойын араладым. Сонда Махамбеттің “Жайық үшін жауластық, Еділ үшін егестік, Қиғаш үшін қырқыстық” деген өлеңі есіме түсті. Мына жер жауласпайтын жер емес деп ойладым.

Жайықтың жылдық орташа су көлемі 11 миллиард текше метр. Соның жеті миллиарды жылда Каспий теңізіне құюы керек. Каспийдің көлемін сақтап, балықтардың өтуіне қажет. Осы 7 миллиард текше метр су келмей қалды. Қалған 4 миллиардтың үшеуін орыстар алады, 1 миллардты Орал-Күшім суару жүйесіне алып отырмыз.

Орал мен Атыраудың арасында су жоқ. Ұсақ және ірі өзендер деген түсінік бар. Ресейден басталатын осы ұсақ өзендердің бәріне бәленбай су қоймасын салып тастаған. Су келмей қалды. Министр болып тұрғанымда “Бұларың не?” дегеннен кейін Саратов каналын саламыз деді. Осы өзендерден жылына 180 миллион текше метр су ұстап, қалған суды береміз деді. Екеуін де бермеді ақыры. Бүгінде бұдан қазаққа ешқандай үлес тиіп отырған жоқ. Бұл қандай мемлекет сонда?!

Еділ-Орал каналының жобасын жасадық. Еділден Жайыққа 4 миллиард текше метр су аламыз дедік. Жоба тұр, Ресей де, Қазақстан да келісімін берген. Мұны 2 миллиардқа азайту керек. Өйткені шаруаны тездету керек. Бірақ қазір орыстар мұны әңгімеге қоспайды. Біздің министрлердің сауатсыздығын біледі олар. Біздің Еділден де, Жайықтан да алар үлесіміз бар. Бұл каналды тезірек салып, орыстың бермей отырған суын алуға таласымыз бар.

Азаттық: Қытаймен арада да трансшекаралық өзендер бар. Мәселен, Іле және Текес өзендері деңгейінің тым төмен түсіп кеткені айтылады. Қытаймен арадағы өзендердің жайы қандай?

Нариман Қыпшақбаев: 24 өзен бойынша келіссөз жүріп жатыр. Әр өзеннің қаншасы Қытайдың, қаншасы Қазақстанның үлесіне тиеді деген шешімге қол қойғаннан кейін олармен ашық сөйлесейік деп келістік. Айтайын дегенім, қытайлар ондай келіссөзден бас тартып отырған жоқ. Бірақ жылда бізде министр орынбасары өзгереді, жылда комиссияға бас болып сол адам барады. Оны қайтадан үйретеміз.

Ресей Балқаштың жағасында АЭС саламыз дейді. Мақсат – Балқаштың суын АЭС-ке пайдалану. Сонда АЭС салынғаннан кейін Балқаш өлі көлге айналатыны айтылды. Балқашқа жылына Іледен 10-11 миллиард текше метр су құямыз. Бұл Қытаймен арадағы келіссөзде қойылып отырған мәселе. Мына жақтан біздің президент орыстармен келісеміз, АЭС саламыз дейді. Қытай Іленің суы өзімізге жетпей жатыр, өлі көлге су бере алмаймыз деп айтады ғой сосын. Сонда қазақтар не ұтады? Балқаштан айырылса, Іледен айырылса, мемлекет соны неге ойламайды?!

Басшылар “Қытаймен қатты жанжалдаспаңдар, ол – ірі мемлекет” деп айтатын көрінеді. “Ресеймен көп дауласа бермеңдер, ол – үлкен мемлекет” депті. Бұл қалай сонда? Суымызды беріп қойып отырамыз ба?

Қазір мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалы директоры қызметін атқаратын Нариман Қыпшақбаев су тапшылығы артып бара жатқан шақта өзге елдермен бірге пайдаланылатын өзендердің суын бөлісу ісін жоғары деңгейде жүргізу керек деп санайды. Қазақстанның жер үсті суларының орташа көлемі 100 миллиард текше метр. Оның жартысына жуығы көрші елдерден келеді. Сондықтан трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жасау әрі оны қадағалау – мемлекет үшін аса маңызды фактор дейді маман.

Тағы оқыңыз: Нариман Қыпшақбаев: Еліміздің барлық тұрғыны суды бағалап, дұрыс пайдалануы керек

Comments are closed.