Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл егу көлемі артады

0
1300

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында жазды.

“Қызылорда облысына жұмыс сапарында Аралдың құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмысын көріп қайттым. Теңіз табанының тұзы мен құмды тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу. Сондықтан 2008 жылдан бері 195 мың гектардан аса жер аумағына сексеуіл егілген”,- деп жазды министр.

Министрдің сөзінше, теңіз табанына сексеуіл егу жұмысының ауқымы одан сайын кеңейеді.

“Аралдағы экологиялық апат аймағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Теңіз табанындағы құрғаған жерлерді ормандандыру үшін Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш егу тапсырмасы аясында біз 2025 жылға дейін 213 мың гектарға тең аумаққа сексеуіл егуді жоспарладық. Алайда бұл көлем де жеткіліксіз деп санаймыз. Сондықтан біз Арал табанында сексеуіл егу арнайы бағдарламасын қабылдауға ұсыныс жасап отырмыз. Көршілес Өзбекстан мемлекетімен де осы жұмыс аясында тәжірибе алмасу шарасы жалғасады. Отандық ғалымдармен де бірлескен экспедиция ұйымдастырылады”,- деп хабарлады ол.

Мағзұм Мырзағалиев Қызыорда өңіріне жұмыс сапары барысында фитоорманмелиорациялық жұмыстардың қарқынын көріп шықты.

“1 мың гектарға 1,8 миллион көшет егілгенін көрдік. Ағаш егу күзде жалғасады. Жұмыс қарқынын одан сайын арттырамыз”,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Comments are closed.