Құрғақшылық

Алмасбек Садырбаев: Жұт екенін билік те, қоғам да мойындауы керек

0
600

Шопан ата ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Facebook-тегі парақшасында елімізде болып жатқан қуаңшылық туралы үндеу жасады.

“Қазақ жеріне жұт келгенін мойындауымыз керек. Мойындағаннан кейін ғана елде қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялануы керек”, – деп мәлімдеді ол.

Мал шаруашылығы бойынша сарапшы парақшасында жариялаған видеода қуаңшылыққа қарсы бірнеше амал ұсынды.

“Қазақстанның әскери күштері және техникасымен Маңғыстау, Қызылорда және тағы басқа құрғақшылықтан зардап шегіп отырған облыстардағы шаруаларды елдің солтүстігіне қарай көшіру керек. Себебі құрғақшылық белең алған аудандарға басқа облыстан азықты тасып, жеткізіп біте алмаймыз. Тіпті бүған жыл жұмсасақ та, малды мұндай жолмен құтқара алмаймыз. Қазақ “Жұт болса, көш” деген. Сондықтан шаруаларды көшіруге амал жасауымыз қажет”, – деді Алмасбек Садырбаев.

Екіншіден, шаруаның айтуынша, жергілікті әкімдіктер мен ветеринарлық қызметтер жалған ақпарат беруді, оны таратуды тоқтатсын. Тиісті органдар дұрыс ақпарат бермеген соң құрғақшылыққа қатысты тиісті шаралар қабылданбай жатыр. Ветеринарлық қызметкерлер малды және қырылған, зардап шеккен жануарды тіркеп, шығынын есептеп, құжат рәсімдеуі керек.

“Азық-түлік корпорациясы арқылы жем-шөпті дайындауды қолға алу керек. Сонымен қатар сыртқа арпа, бидай сияқты дақылдарды шығаруды тоқтату қажет. Себебі еліміздегі малды, шаруашылықты бірінші орынға қойып, осы мәселені шешіп алуға мәжбүрміз”, – деді ол.

Сарапшының мәлімдеуінше, шарауалардың алған қарызы мен несиесіне реструктуризация жасау керек. Олардың қарызды өтеуге шамасы жоқ. Сондықтан билік фермерлерге екі жыл каникул берсін. Биыл шаруалар малдың шығынын көріп, оларды төлдете де алмады. Мұндай жағдайда олар қарызды өтей де алмайды.

Шопан ата ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Ұлттық парктер мен орман шаруашылығының жері мал жаюға және шөп дайындауға берілуі керек деп есептейді. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау мен Қызылорда облысында мұнай бұрғылау компанияларына ерекше тапсырма берілсін. Сол жерде құдық пен ұңғыма қазып, елді, малды сумен қамтамазы етуге қадам жасалсын.

“Ауыл шаруашылығы министріне жем-шөп субсидиясын қаржыландыру жағын қолға алуы керек. Бұл мәселені жергілікті бюджеттің қаражаты көтермейді. Сондықтан республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек. Ал жергілікті бюджетте қаражат тапшы. Соның себебінен жалған ақпарат беріліп жатыр. Осы айтқан мәселені қуаңшылықпен күреске арнайы комиссия құрып, сол ұйымға тапсыру қажет. Мұндай комиссия жұмысына нақты мамандармен қатар, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен белсенді азаматтар да қатысуы керек. Біз ел-жұрт болып жұтты мойындап, елімізде төтенше жағдай жариялауымыз керек”, – деп ұсыныс білдірді Алмасбек Садырбаев.

Еске сала кетейік, көктемде желіде Маңғыстау облысында аштан азып кеткен жылқылардың фотосы талқыланған еді. Фотоны Facebook қолданушысы Бердімұрат Төрекенов жариялады. Оның айтуынша, Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылда жылқылар өлім аузында. Бердімұрат Төрекеновтың сөзінше, биыл далада жаңбыр жоқ, жайылымдар кеуіп кеткен, жем жетіспегеннен жылқыларға берер азық жоқ.

Кейін “Қазгидромет” синоптиктері маусымға жасаған болжамын жариялады. Олар Қазақстанның алты өңірінде құрғақшылық болады деді.

Депутаттар үкіметті шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, сонымен қатар агросферадағы жетістіктерге қарамастан, қарапайым проблемалар, оның ішінде жем-шөппен қамтамасыз ету республикада әлі күнге дейін шешілмегенін айтты.

Comments are closed.