саяхат

Табиғатқа зиян тигізбей саяхаттау жолдары

0
1695

Әр адам табиғаттың бүлінбеген, әсем күйінде сақталғанын қалайды. Жабайы табиғатта мекендейтін жануарларға да адамнан зиян келмесе екен дейді. Дегенмен адам көп баратын, туристер көп жүретін жерлерде табиғат пен қоршаған орта үнемі таза күйінде қала бермейді. Мысалы, барлық парник газ шығарындыларының 8%-ы туризм саласына тиесілі екен.

Дегенмен табиғатқа саяхат кезінде келетін зиянды азайтуға, экология жағынан тиімді саяхаттауға болады. Ол үшін экологист болу, экобелсенді болу міндетті емес. Кез келген адам жасай алатын қарапайым әдеттер арқылы қоршаған ортаны сақтап қалуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге болады. Ecoinfo.kz экология жағынан тиімді саяхаттау жолдарын ұсынады.

Үйге жақын жерде демалыңыз

Кез келген көлік (велосипед пен самокаттан басқа) қоршаған ортаға және климаттың өзгеруіне белгілі бір деңгейде әсер етеді. Саяхат кезінде ауаға бөлінетін шығарындыларды азайту үшін кем дегенде бір рет тұрғылықты жеріңізге жақын өңірдегі демалыс орнын таңдап көріңіз. Демалыста шынымен немен айналысқыңыз келетінін ойлаңыз. Велосипед немесе самокатпен жететін жер болса, тіпті тамаша. Ауаға газ аз шығуына үлес қоса аласыз. Ал алыс жерді таңдасаңыз, оған бәрімен бірге ортақ көлікпен немесе электрмашинамен баруға болады. Демалыс орны неғұрлым жақын болса, соғұрлым табиғатқа зияны аз болады және одан алатын әсер азаймайды.

Зияны аздау транспорт таңдаңыз

Көліктің қоршаған ортаға тигізетін әсерін түрлі критерий бойынша бағалауға болады: энергия жағынан тиімділігі, энергия көзі, көмірқышқыл газы мен көміртек тотығы, күкірт және азот оксидтері, ауыр металдар шығарындылары. Шу, жолаушылардың саны, жүргізушінің немесе ұшқыштың мінез-құлқы және басқа да көптеген факторлар роль атқарады. Көлік таңдарда барлық факторды есепке алу және салыстыру қиын. Дегенмен назар аударуға болатын ұсыныстар бар.

500 шақырымға дейін саяхаттау үшін пойыз немесе автобусты таңдаған дұрыс. Егер көлікпен баруды қаласаңыз, экожүру ережесін сақтаңыз: достарыңызды бірге ала шығыңыз, тоқтаған кезде қозғалтқышты өшіріңіз, жылдамдықты азайтыңыз және баяулатыңыз, кондиционерді қажетсіз кезде қоспаңыз.

велосипед

Фото: Unsplash.com/Alex Azabache

Адам төмен CO₂ шығарындылары бар рейстерді таңдау арқылы табиғатқа ұшақтан келетін зиянды азайта алады екен. Мұндай рейстер әдетте шетелдік әуекомпаниялардың сайтында жасыл жапырақ белгішесімен белгіленеді. Ал ұшудың экологиялық рейтингін анықтау үшін әуе кемесінің үлгісі, орындардың саны, ұшу ұзақтығы және трансферттердің болуы ескеріп, шығарындылар деңгейі есептеледі. Әдетте діттеген жерге тіке баратын рейстер тиімді. Ал тез баратын рейстер одан да тиімді болып есептеледі.

Сонымен қатар демалыс орнына жету ғана емес, сол жақта қандай көлік түрін таңдау да үлкен роль атқарады. Көбіне аяу немесе велосипедпен жүрген тиімді. Ол болмаса, қоғамдық көлікке назар қойған дұрыс. Ал қоғамдыө көлік ыңғайсыз болса, электр немесе гибридті қозғалтқышы бар көліктерді жалға алуға болады.

Экологиялық мәселеге бейжай қарамайтын қонақүй таңдаңыз

Экоқонақүйдің кәдімгі қонақүйден айырмашылығы – басшылықтың қоршаған ортаға бейжай қарамауында. Мұндай қонақүй жылыту мен салқындату үшін аз энергия жұмсауға тырысады. қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге өткізеді. Жеміс пен көкөністі өздері өсіріп, суды үнемді пайдаланады, баламалы қуат көздерін енгізеді, шамдарды жарықдиодты шамдарға ауыстырады және диспенсерлерге сусабын құйып қояды. Қонақүйдің экологиялық түрін бұдан да басқа өзіңіздің критериіңіз бойынша анықтай аласыз.

Аса танымал емес орындарды іздеңіз

Қазір туризмге қатысты овертуризм (оvertourism) деген термин бар. Бұл сөз бұқара туризмнен қоршаған ортаға, табиғатқа немесе жалпы ел мен адамға келетін жағымсыз салдарды, зиянды сипаттау үшін қолданылады. Шынында әлемде танымал туристік жерлер бүгінге дейін сол аймақтағы үлкен жүктеменің кесірін көріп отыр. Сол себепті де кейбір елдер курорттардағы экологиялық жүктемені азайту үшін өздерінің онша танымал емес орындарын, бағыттарын дамытып жатыр. Егер саяхатшы жарнамасы көп емес, адамдар көп таңдай бермейтін жерге барса, табиғи ресурстарды үнемдеуге көмектеседі әрі басқаларға қарағанда ешкім білмейтін жерді көру арқылы екі есе ұтады. Оның үстіне саяхаттайтын, демалатын жерде адам аз болса, бәріне жақсы емес пе?!

саяхат

Фото: Unsplash/Jack Ward

Ресурсты үнемдеңіз

Қайда барсаңыз да, жергілікті жерде ресурсты аз жұмсаудың оңай жолдары бар. Ол үшін өз әдеттеріңізді түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ.

  • Өз шамаңызды біліп, тек жеп, тауыса алатын тамақты сатып алыңыз. Мысалы, ішетін суды қайта-қайта сатып алмай, бөтелкеге су құйып алып шығуға болады.
  • Қонақүй бөлмесінен, хостелден шығар кезде кондиционер мен жарықты және тағы басқа құрылғыларды өшіріңіз.
  • Сүлгі әлі таза болса, жаңа орамалдан бас тартыңыз. Суға да қажет болған кезде шомылыңыз.

Бір рет қана қолдануға арналған заттардан аулақ болыңыз

Саяхатта сусын ішкіңіз келсе де, тамақтанғыңыз келсе де, оның бәрін бірреттік ыдысқа салып, ұсынуы мүмкін. Сосын оның ыдысын қоқысқа тастауға тура келеді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін сапарға өз ыдысыңызбен шығуды ұсынамыз.

Су құюға арналған бөтелке, мата шопер, кофе мен шайға арналған термошыныаяқ, тамақ салуға арналған контейнер ала шығыңыз. Сонымен қатар бірреттік трубочкаларды да пайдаланбаған жөн. Мұндай заттар сөмкеде көп орын алмайды. Есесіне қалдық шығармай, саяхаттай аласыз әрі өз ыдысыңыздан тамақ ішесіз. Чемоданды әр жолы пленкамен орағаннан гөрі матамен қаптаған дұрыс.

бөтелке, термошыныаяқ

Фото: Unsplash.com/quokkabottles

Жақындарыңызға, елдегілерге кәдесый алар кезде де жақсылап ойланғаныңыз жөн. Сыйлықты сұраған адамға алған да дұрыс. Оны таңдарда адамға пайдалысына, шынымен керек болатынына мән беріп қойыңыз.

Сонымен қатар жеке гигиена құралдарын, химиялық тазарту құрылғыларын үйден ала шығу да тиімді. Өзіңізге қажет мөлшерде ғана арнайы ыдысқа құйып алсаңыз, барған жерде жаңадан сатып алудың қажеті болмайды. Ал сусабын сияқты сұйықтықтарды құйып алуға болатын пластик ыдысты дүкендерден таба аласыз.

Смартфондағы қолданбаларға жүгініңіз

Бұрын сапардағылар қағаз картаны, фонарь, компас сияқты құрылғыларды пайдаланатын. Бүгінде оның бәрін қарапайым смартфоннан тауып алуға болады. Баратын жеріңіздің картасын сатып алғанша, смартфоныңызға алдын ала жүктеп алыңыз. Қонақүй броньдау, ұшақ билеттері, автобус және пойыз билеттерін көп жағдайда смартфоннан көрсетуге болады. Рейске отырғызу талоны электрон түрде бар болса, оны басып шығарудың қажеті жоқ.

Жабайы табиғаттың өз жүйесіне араласпаңыз

Су түбінен маржанның бір бөлігін алу, қатаң қорғау режимі бар қорықта гүл теру, сирек кездесетін тасбақа түрінің қабығын сатып алу немесе акула қосылған тамақ ішу – осы сияқты табиғи экожүйеге зиянын тигізетін мүмкіндік көп. Жабайы табиғатқа қаншалықты аз аралассақ, соғұрлым жақсы. Осы мақсатта бірнеше қағиданы есте сақтай жүріңіз:

  • Аң аулаудан, сафариден бас тартыңыз.
  • Піл сүйегінен, азу тістерден, жан-жануар терісінен, жәндік қабықтарынан және басқа да бөліктерінен жасалған кәдесыйлар мен дәрі-дәрмектерді сатып алмаңыз. (Оларды кеден арқылы өткізуге де болмайды).
  • Қорықтар мен ұлттық саябақтардан тас, бұйым сияқты заттарды алып кетпеңіз.
  • Жаяу серуендегенде немесе қала сыртына шыққанда, қоқысты өзіңізбен бірге ала жүріңіз. Мүмкіндігіңіз болса, басқа адамдар қалдырған қалдықтарды да қалдырмаңыз.
саяхат

Фото: Unsplash.com/Dino Reichmuth

Экологиялық бастамаларды қолдай жүріңіз

Саяхаттау – табиғатты қорғау жобаларымен тікелей танысудың тамаша мүмкіндігі. Саяхатта бізді қоршаған әлем туралы жаңа дүниелерді білуге болады. Сонымен қатар саяхатқа жұмсалған қаржы да игі іске жұмсалады.

Түрлі экологиялық жобаларды: экология жағынан тиімді қонақүйлер мен велосипедтерді жалға беруден бастап, жабайы жануарлар өсірілетін қорықтар мен орталықтарға дейін жай ғана бару, көру арқылы қолдауға болады. Қайырымдылық ретінде қаражат бөліп немесе ерікті ретінде жұмыс істеп те көмектесе аласыз.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.