экология әліппесі

Балаларға арналған экология әліппесі

0
930

Қоршаған орта бәрімізге де ортақ. Ер жетіп, бой түзеген әрбір жеткіншектен бастап, еңкейген қартқа дейін табиғат ананың алдында жауаптымыз. Балаға кішкентай күнінен бастап экологиялық  сауатты болуды үйрету қажет. Бала кішкентайынан эко сауатты болса, өзінің табиғаттың бір бөлшегі екенін айқын сезінеді. Және өзін табиғаттан бөліп қарайтын эго да болмайды. Тілі шыққан сәттен бастап бала қоршаған ортаның әр түрлі құбылыстарына, ғажайыптарына тамсанумен болады. Алайда, кей жағдайда ата-ананың белгілі бір дәрежедегі эко сауатсыздығына байланысты бала өзін қоршаған әлемнің сан түрлі қыры мен сырының мән-мағынасын, астарлы құпиясын аша алмайды. Қалай? Неге? – деген сауалдармен көкірегін белгісіздік билейді. Бала бойына табиғатқа деген махаббатты және эко сауатты ояту үшін Отбасы хрестоматиясы баспасы шығарған «Экософия немесе киелі табиғат» кітабын, АРУНА баспасы ұсынатын   «Құстармен танысайық, « Төрт түлікпен таныс бол», «Жылдың төрт мезгілі”,  «Ауылда»,  «Батыл түйе» т.с.с балаларға арналған кітаптарды ұсына аламыз. Жаһандану заманында баланы тәрбиелеуші тағы бір құралы көгілдір экран немесе смартфон. Экрандық мәдениет ХХ ғ 80 жылдары дамыды дейтін болсақ, қазір цифрлық мәдениетке көштік. Десекте елімізде экран мәдениеті толыққанды, қарқынды дамыды деп айта алмаймыз. Дегенмен, киелі табиғат, бала мен қоршаған ортаның өзара байланысы жөнінде біршама телебағдарламалар бар. Балапан телерадио корпорациясы түсірген «Ғажайып өлке», «Жасыл ел» және «Табиғат мектебі» іспетті танымдық бағдарламалар балаларды табиғатпен достастыруға оң әсер етеді.

 

«Ғажайып өлке»

Бағдарлама Экософия негізінде жазылған. Жабайы аңдар мен үй жануарлары туралы, құстар мен түрлі жәндіктер, ағаштар мен өсімдіктердің ерекшелігі мен оларға қатысты қызықты деректерді ертеден келе жатқан аңыз, қисса түрінде және ғылыми оқулықтар мен еңбектерге сүйене отырып баяндайды. Сол арқылы бала санасына қоршаған ортаның, жануарлар әлемінің, тылсым табиғаттың қасиетін терең сіңдіреді, оларға бала тілімен кеңінен мәлімет береді.

Ғажайып өлке
Фото: balapan.tv

«Жасыл ел»

Бағдарлама мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған. Жобаның мақсаты – мектепке дейінгі және бастауыш мектеп оқушыларының арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға мейіріммен қарап, таза ұстауға тәрбиелеу. Әр серия басты кейіпкерлердің жасыл қоғам мен экология туралы танымдық ақпараттарымен басталады. Сонан соң тақырыпқа сай әртүрлі мағлұматтар айтылып, балалардың тіліне жатық, танымына түсінікті етіп, қызықты анимацияға толы сюжеттерімен беріледі. Жоба табиғат және адам, жануарлар әлемі, су, ауа, газ, қуат көзі – энергия, жасыл экономика сынды бағыттарды қамтиды.

Жасыл ел
Фото: balapan.tv

«Табиғат мектебі»

Бағдарлама балаларды табиғатпен таныстыруға арналған. Жоба мақсаты – мектеп оқушыларын еліміздің әр түрлі аймақтарында орналасқан сакральды географиялық орындармен көзбе-көз таныстыру, табиғатты қорғау идеясын бала бойына сіңіру. Балалармен табиғатта кездесетін түрлі апаттардың алдын алу бойынша әр түрлі сұхбат құрылып, табиғатпен етене жақын араласуға бейімдейді.

Табиғат мектебі
Фото: balapan,tv

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

 

Comments are closed.