Қазақстанда қасқырлар жойылу алдында тұр ма?

0
987
Экология шолушысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында Қазақстанда қасқырлардың жойылу алдында тұрғанын жазып, дабыл қаққан еді. Zakon.kz тілшісі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне осы мәселеге қатысты сауал жолдады

Экология шолушысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында Қазақстандағы қасқыр популяциясы азайса, табиғи баланс бұзылатынын жазды.

“Қазақстанда қасқырлардың жойылу алдында тұрғанын білесіз бе? Еліміздегі қасқырдың саны небәрі 14 408. Ал бес облыста бұл жыртқышты реттеуге тыйым салынды. Солтүстік Қазақстан облысында қасқыр мүлдем жоқ. Егер бұл жыртқыш жойылып кетсе, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Бұған жол бермеуіміз керек”, – деді Сәкен Ділдахмет.

Қасқыр халықтың денсаулығын сақтау, ауылшаруашылық және басқа да үй жануарларына келетін зиянның алдын алу, қоршаған ортаға залал келтіруді болдырмау мақсатында саны реттелетін жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілген.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғаммен байланыс департаменті басшысы Олжас Беркінбаев экология шолушысының сөзін растады. Оның мәліметінше, 2021 жылғы санақ бойынша Қазақстан аумағында 14 408 қасқыр қалған. Қасқырларды реттеу Солтүстік Қазақстан облысынан басқа Қазақстанның барлық аймағында жүргізіледі.

Сонымен қатар министрлік өкілі Солтүстік Қазақстан облысының аумағында отырықшы қасқырдың болмауы аймақтың географиялық жағдайына байланысты екенін айтты. Есесіне бұл аумақта анадром қасқыры кездеседі.

“Қасқыр өте икемді жануар түріне жатады. Оның саны климаттық, географиялық жағдайларға, азықтың болу-болмауына қарай айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар қасқырларды реттеуге тыйым салынбаған. Оның саны күрт азайған жағдайда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тиісті шараларды қабылдайды”, – деп мәлімдеді Олжас Беркінбаев.

Comments are closed.