“Экологиялық білімді оқу жүйесіне интеграциялау” әдістемесі таныстырылды

0
1009

Тамыз конференциясында елдегі экологиялық мәдениетті дамыту тақырыбы қозғалды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлап отыр.

Экологиялық білім беруді дамытудағы маңызды мәселелердің бірі – оқу үрдісіне экология тақырыбындағы материалды біріктіру. Компанияның басқарушы директоры ӨКМ (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы Қайратғали Хайрулла “Экологиялық білімді оқу жүйесіне интеграциялау” атты алғашқы әдістемелік құралды таныстырды. Мұндай құралды мектеп бағдарламасына енгізу өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениетті оңтайлы сіңіруге мүмкіндік береді. Аталған жобада барлық мектеп пен мектепке дейінгі пәндер қамтылып отыр.

Әдістемелік құрал бес негізгі бөліктен тұрады. Бірінші бөлімде мектепке дейінгі және бастауыш сыныптарға арналған математикалық және әдеби оқу материалдары біріктірілген. Екіншісінде орта және жоғары сыныптардың оқу процесіне эко-білім беруді енгізу бойынша жұмыстар көрсетілген. Үшінші бөлімде Нұр-Сұлтан қаласы оқушыларының экология тақырыбына арналған үздік эсселері жинақталған. Соңғы екеуі қоршаған ортаға қатысты практикалық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталып отыр.  Жинақты құрастыру үшін Нұр-Сұлтан, Теміртау, Қарағанды қалаларының және Шығыс Қазақстан облысының мұғалімдері тартылды. Оқу әдістемелік құрал Recycle.kz сайтындағы “экологиялық білім” бөлімінде көпшілік қолдануы үшін жүктеуге қойылады.

Сонымен қатар ӨКМ Операторы “ЭкоАсар – игі істер марафоны 2021-2022жж.” акциясына бастау берді. Жаңа оқу жылында Нұр-Сұлтан, Өскемен, Қарағанды, Теміртау және Семей қалаларында экологиялық “Асар” іске қосылады.

Алғашқы “ЭкоАсар” 2020 жылдың қыркүйегінде іске қосылды. Жоба арқылы қалдықтарды бөлек жинау мен өңдеудің маңызы туралы 450 000-нан астам адам танып, білді. Былтырғы оқу жылында оқушылар шамамен 3 млн теңгеге 99 тонна қайталама шикізат жинады. Барлық жиналған қаражат қайырымдылық пен мектеп аумақтарын көгалдандыруға бағытталды.

Comments are closed.