Брижит Олуа: Жануарды “өлтіру”, “ату”, “аулау” сөзінің заңнамада болғанын қаламаймын
Брижит Бардо қорының халықаралық жобалар жөніндегі басшысы Брижит Олуа Алматыға келді. Ол осы сапарында жануарларды қорғау саласындағы жағдаймен танысып, бірқатар мәселені көтерді. Қазақстандық мамандармен әңгімелесу барысында бірнеше күрделі тақырып қозғалды. Ecoinfo.kz сайты да бұл кездесуге қатысып, Брижит Олуаның ұсынысын, пікірін жазып алды.
“Жануарларды өлтіру арқылы азайтудың бірнеше кесірі болады”
Елімізде “Жануарға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасы Парламентте бірінші оқылымда мақұлданған еді. Осы заңға қатысты Брижит Олуа да пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл заң туралы бірдеңе деу қиын, себебі ол әлі өзгеріп жатыр.
– Қазақстанда бірінші оқылымда мақұлданған заңға қатысты не айтар едіңіз?
– Мен өзім заңға байланысты ұсынысымды айттым. Бірақ оның бәрі бірдей заңнамаға енген жоқ. Заңды жасаушылар жақсы емес баптарды да қосып жатқанын байқадым. Толық нұсқасы қандай болатынын білмейміз. Жақындаға ғана Экология министрімен кездестім. Заң жоюасындағы 24-бапқа көзім түсті. Ол бап керісінше жануарларды өлтіруге мүмкіндік береді. Мұның барлығының орнына біз шынымен жануарларды қорғайтын заң болғанын қалаймыз. Заңда шатастыратын және жануарды өлтіруге итермелейтін ережелер болмауы керек. Жануарды өлтіруге тыйым салып, тек этика жағынан емес, экономика жағынан да тиімді шешімдер жасай аласыздар. Осының бәрін министрге айттым. Ол “Әрине, түсінеміз” деп жауап берді.
Министр “Ветеринария туралы” заңды көрсетті. Ол – әзірше қолданыстағы жалғыз заң. Онда жануарды аулау және өлтіру құзыреті бар. Бірақ заңды түсіндіргенде дәл осы пункт міндетті іс сияқты жеткізіледі. Негізінде дәл осы бап жануарды өлтіруге міндеттеп тұрғандай. Менің айтайын дегенім, құзырлы органдар заңды бұрмалап түсіндіре салуы мүмкін. Жануарларды өлтіру арқылы азайтудың бірнеше кесірі болады. Одан қаңғыған иттер азаймайды әрі адамдар да жақсы үлгі алмайды. Жануарды атқанын көрген адам да белгілі бір деңгейде жағымсыз әсер алады, күйзелуі мүмкін. Тіпті көшеден зұлымдықты көріп, отбасында да зорлыққа бармасына ешкім кепіл бола алмайды.
Заң әлі өзгереді. Талқылаулар да болып жатыр. Бірақ ең басты қалауымыз – заңда бәрі нақты жазылғаны. Мен жануарды “өлтіру”, “ату”, “аулау” сөздерінің заңнамада болғанын қаламаймын. Өйткені бұл сөздер жануарды қорлауға алып келеді. Заңдағы 24-баптың мүлдем болмағанын қалар едім.
“Негізі біз жануарды емес, жауыздықты жоюымыз керек емес пе?”
– Қазақстандағы жануарларға арналған паналардың жағдайы қандай? Нені байқадыңыз?
– Біраз адам жануарын ұрықсыздандыруға келгенін көріп, бір жағынан қуандым. Бірақ мен сол үй жануарына жақындамадым. Себебі олардан күйзелуді байқадым. Егер жақындағанда олар мені тістеп алса, ол менің кінәм болар еді. Себебі жануарлар да белгілі бір сигнал береді. Мысалы, адам да көңіл-күйі болмай тұрса, өзгелерге белгілі бір сигнал бере алады. Жануарларда да осындай нәрсе бар.
Жануарларға арналған паналардың бюджеттен алатын субсидиясы жоқ. Әзірше біразы жеке адамдардың қаржысымен отыр. Жануарларға арналған паналардың, ұйымдардың біразын көрдім. Кейбірі өте жақсы қамтылған, ал өзгелерінің жағдайы нашар. Сондай паналардың бірінде жануар өте көп. Тіпті көлік қағып кеткен ит-мысықты да асырайды екен. Жануар көп болғанымен қаржы аз. Соған сай ол жақта жағдай да нашар. Мысалы, жануарлар қыста тоңуға мәжбүр. Оңтүстік өңірлерде қыс жеңіл өткенімен солтүстік жақтың суығында жануарға да қиын. Кейбірі ит-мысықтың далада қатуына, тоңуына жол береді. Ондай жануар көп өмір сүрмейді де, шамамен 2-3 жыл ғана. Олар тірі қалу үшін өмір сүреді. Керісінше оларға есік ашып, кішкене болсын жылу сыйлауға біразының шамасы жетеді ғой. Жануарларға жанашыр бола алмау – жеке адамдардың, қоғамның және мемлекеттің жауапсыздығы. Біз жануарға еркіндік беру былай тұрсын, өзіміз өлтіріп жатырмыз. Негізі біз жануарды емес, жауыздықты жоюымыз керек емес пе?
Қаңғыған ит-мысықтарды атуға, азайтуға қаражат жұмсағанша сол ақшаны одан да тиімді нәтиже болатын істерге салмаймыз ба? Мұндай стратегия шынымен де жақсы нәтиже берер еді. Иесіз жануардың санын азайтуға, стерилизация жасатуға біраз ақша керек деп есептейтіндер бар. Әр өңірде әлеуметтік жобалар барда жануарға қаражат жұмсаудың да қажеті жоқ. Тіпті өз ақшаңызға стерилизация жасатсаңыз да, мұның бәрі өзіңіз үшін тиімді емес пе?
– Сіздің ойыңызша, ата-аналар, ересектер нені ескеруі керек?
– Балаларға жануарларды таныстырғанда цирк, дельфинарий және тағы басқалары жақсы инструмент емес екенін айтқым келеді. Цирк болсын, дельфинарий болсын балаларға қатігездікті көрсетеді. Ол жақта ешқандай білім жоқ.
Балалар көрген, естіген дүниесінің бәрін өзіне сорып алады. Көп жағдайда ата-аналар көшеде жануарды көрсе, “ол лас, жоламай-ақ қояйық” немесе “қауып алмасын, абайла” деген сөздерді айтады. Тіпті итті қабаған деп ойлап, оған тас лақтыруы мүмкін. Содан жануар да өзінің қауіпте екенін, адамдар оған тиісіп, ұрып, өлтіріп кете салуы мүмкін екенін сезеді. Сондықтан жануарлар да дамыған елдердегідей босаңқы жүрмейді. Мысалы, Түркияда иттер де мысықтар да еркін жүреді, олар өзіне ешкім тиіспейтінін біледі. Ал Қазақстандағы иттер адамдардан қорыққанынан, қауіптенгенінен агрессив болуы мүмкін. Сондықтан адамдарды, балаларды ақпараттандыру керек.