Ауыл шаруашылығы техникасын қайта кәдеге жаратуға болады
Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму және Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге қабылдауға қосымша 1000 квота бөлуге келісті.
⠀
Оның 580 тракторға, 420 комбайнға қарастырылған. Агротехниканы қабылдау 13 қазаннан басталады.
⠀
Осы жолы шаруа қожалықтары өз техникаларының тізімін әкімдікке ұсынады. Әкімшілік берген тізімге сәйкес шаруалар еш делдалсыз тапсыра алады. Ауылшаруашылық техникасын жеңілдік сертификатына алмастыратын бағдарлама еліміздің 14 аймағында жұмыс істейді.
⠀
Айта кету керек жеңілдік сертификатының құны тапсырылатын техниканың түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады.
⠀
Айталық толық жиынтықтағы комбайнға 2 млн теңгеге жеңілдік сертификаты берілсе, толық емес жиынтықтағы комбайнға 1,5 млн теңгенің сертификаты ұсыналады. Сонымен қатар толық жиынтықтағы тракторларға 1 млн теңге, толық емес жиынтықтағы тракторға (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификаты беріледі.
⠀
Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған кез келген санаттағы көлікті сатып алған кезде қолдануға болады. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға дейін жарамды.
⠀
Агротехниканы өткізу үшін Recycle.kz сайтына кіріп, алдын ала өтінім беріп, электрон кезекке тұру қажет.
⠀
Еске салайық, 2021 жылы тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы бойынша 1900 трактор және 480 комбайн қабылдауға квота бөлінген еді. Бүгінде аталған квота толық игерілді.