Құрмет Талапқазы

Түркістан тұрғыны қуаңшылық болып жатқан өңірге шөп жеткізіп жатыр

0
1020

Құрмет Талапқазы – Түркістан облысының тұрғыны. Өзі 24 жаста. Ол мал аштан қырылып жатқан өңірлерге азық жеткізгісі келіп,  алты вагон шөп пен тығыздалған жоңышқа дайындап қойыпты. Алайда әлі де малға қорек жетіспейді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Құрмет Талапқазы Шымкентте саудамен айналысады. Аштан қырылған мал туралы жаңалық оған ауыр тигенін айтып отыр. Бірден іске кірісуді ұйғарыпты. Достары мен еріктілерді жинап, шөп шабуды бастаған. Қаражат жинауға да кіріскен екен.

“Халқымның жағдайы нашар, әсіресе шағын шаруашылықпен айналысатындарға қиын заман туды. Соған құлазып жүрмін. Көмек бастап кеткеніме қуанамын. Бірақ мұның бәрі мақтану үшін емес. Қуанудың орнына іске кірісу керек, жұмыс көп. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр, батасын берді. Бірақ рақметін күтпеймін. Әр қазақ, өз елінің азаматы менің ісімді жасар еді. Қазір бәрі жиналып, көмектессе деймін. Бәрін көмекке шақырамын”, – деді ол.

Құрмет осымен екінші апта барлық ісін тоқтатып, шөп шабуға кіріскен. Теміржолшылармен жүк тасымалдауға келісіп, меценат іздестіріп жатыр. Осы күнге дейін алты вагон шөп жинап, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстарының аудандарына жеткізумен айналысып жатыр.

“Қарапайым халқымыздан 1,6 миллион теңге түсті. Бұл қаражат толықтай жұмсалды. Бір вагонға жалпы 610 мың теңге қажет еді, бірақ біз бағасын 380 мың теңгеге дейін түсіруге келістік. Жетпегенін қарызға алдық. Бұл қаражаттың бәрі халықтікі, ірі бизнесмендердің ешқайсы әзірше қыруар ақша жібере қоймады. Көмектесеміз деген, бірақ әлі жоқ”, – деді ол.

Жігіт алты вагон шөп ұзаққа жете қоймайтынын айтады. Қысқа да мал азығын іздеу керек.

“Қазақстанның батысын шөппен қазір қамтамасыз етпесек, қыста мал қырылады. Қыста тіпті батыста ғана емес, оңтүстікте де, Қызылорда мен Аралда да мал қырылады. Келесі жылы шөп те қымбаттайды, сосын ет те. Қазір еттің келісі екі мың теңге болса, келесі жылдары 7-10 мың теңге болады. Сонда бізде экономикалық үлкен дағдарыс болады. Күз бен қыс келмей тұрып, шөп әзірлеуіміз керек. Әр облыстан 10-15 вагоннан жіберсек жақсы болар еді. Қазір Түркістан мен Шымкентте Қазығұртқа, Қаратауға және Созаққа барар жолдағы даланы шауып жатырмыз, сосын Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысына шөпке барамыз”, – деп мәлімдеді ол.

Құрмет қатарына көп адам қосылғанын да айтып отыр. Қазір басты проблемасы – көлік пен жұмысшылардың жоғы.

“Көбіне ауыл адамдары көмектесіп жатыр, шөп беріп жатыр. Қазірдің өзінде 50-70-дей түк тығыздалған жоңышқа жинадық. Алайда тасымалдауда проблема бар. Мемлекет көмектесіп жатқан жоқ. Әзірше ауыл әкімдері ғана байланысқа шығып жатыр, бірақ жоғарыдағы билік жағдайға назар аудармай отыр”, – деді ол.

Еске салайық, Маңғыстау облысында қуаңшылықтан мал қырыла бастаған. Өңір тұрғындары жануарларына шөп орнына картон қағаз беруге мәжбүр. “Қазгидромет” синоптиктерінің мәліметінше, құрғақшылық Қазақстанның 4 өңірінде шілдеде де болады.

Мұның алдында депутаттар қуаңшылық болып жатқан өңірлерде ТЖ режимін жариялауды ұсынған.

Comments are closed.