Ресайклиң мен апсайклиң. Ең негізгі 22 экосөз
Ecoinfo.kz сайты бүгінде көп қолданылып жүрген экологиялық терминдерді, қайта өңдеуге қатысты ұғымдарды назарыңызға ұсынады. Экологиялық өмір салтын ұстанғанда жиі айтылатын сөздерді сіз де біле жүріңіз.
Cаналы тұтыну мәдениеті – сатып алушы кез келген заттың өндірілуі немесе пайдаланылуы және шіріп кетуіне мән беріп, сатып алу мәдениеті. Саналы тұтыну – адамдар бірте-бірте жасаған қоғамдық құбылыс. Адам өзінің қажеттілігі мен тауардың экологияға әсерін ойлап, бірнәрсені сатып алса, ол саналы тұтынуға жатады.
Веган мәдениеті – жануарларды тағам, киім және басқа да мақсатта пайдалануды шектейтін, қолдамайтын өмір салты.
Орнықты мода (sustainable fashion) – киім-кешек пен аксессуарды адамға пайдалы әрі экологияға зиян емес тәсілмен жасау. Кейбір өндірушілер киімді қайта өңделген материалдардан тігеді. Бұл да “орнықты, әдепті модаға” жатады.
Трэшн (trash’n) – “сән” және “қоқыс” сөздерінен алынған ұғым. Бұл ұғым дәстүрлі емес материалдардан киім мен аксессуарлар шығаруды қамтиды. Мысалы, фин блогері және тұрақты сән промоутері Оути Лес Пюю Финляндияның Тәуелсіздік күніне арналған жыл сайынғы президент балына арналған көйлекті кофеқайнатқыштарға арналған алюминий кофе капсулаларынан жасады.
Slow fashion (баяу сән) – қоршаған ортаны сақтау мақсатында киім-кешекті саналы өндіру және пайдалану мәдениеті.
Компосттау, қалдықтарды қордаландыру – топырақты одан әрі тыңайту үшін тамақ және басқа да органика қалдықтарын өңдеу.
Шопер (shopper) – күнделікті қолдануға арналған кең, сыйымды, қайта пайдалануға болатын сөмке. Полиэтилен пакетке балама. Көбіне кәдімгі матадан тігіледі және жууға, сүртуге, жинап салуға жарамды.
Көміртек ізі (carbon footprint) – адам немесе кәсіпорын қызметінің нәтижесінде пайда болған парник газдар шығарындысының мөлшері. Оған өндіріс кезінде энергия жұмсалған өнімді пайдалану барысындағы тікелей шығарындылар мен жанама заттар кіреді.
Эмиссия – ластаушы заттардың атмосфералық ауаға, суға, жерге немесе оның астыңғы қабатына түсуі. Әдетте эмиссияны кәсіпорындар, бизнес объектілері жасайды. Сол үшін олар бюджетке төлем жасайды.
Эмиссия нормативі – бұл термин экология кодексінде жиі кездеседі. Кәсіпорындар үшін белгіленген шығарындылар мен ластанудың шекті көрсеткішінің жиынтығын білдіреді.
Утилизация (кәдеге жарату, жою) – қалдықтарды, қайталама шикізатты одан әрі өңдеу үшін пайдалану. Қалдықтарды толық жоюмен шатастырмау керек.
Экологиялық таңба – өнімнің, қызметтің немесе жұмыстың экологиялық аспектісі туралы тауар қаптамасындағы мәтін, белгі, графикалық кескін түріндегі мәлімдеме.
Апсайклиң (upcycling) – заттарды қайта өңдемей-ақ пайдалану, ұзақ қолдану. Ескі заттардан жаңа дүние жасап, қызметін ұзарту тәсілі. Мысалы, жыртылған джинсыдан жаңа киім немесе мата сөмке тігуге болады. Бұл термин Германияда пайда болды. Онда 90- жылдары жергілікті тұрғындар өте қымбат, бірақ қолданылмаған заттар мен материалдарды қайта пайдалану қаншалық тиімді екенін түсінді. Айтпақшы, винтаждық, комиссиондық және second hand дүкендер – апсайклиң процесінің бөлігі.
Плогиң (plocka – көтеру, jogging – асықпай, баяу жүгіру) – баяу жүгіріп жүріп, қоқыс жинайтын экологиялық қозғалыс немесе әдет.
Буккроссиң (book – кітап, crossing – алмасу) – қоғамдық орында немесе басқа да жәрмеңкеде кітап алмасу.
Фрилуфтлив (fri – еркін, luft – ауа, live – өмір) – физикалық және рухани әл-ауқат үшін табиғатта бос уақытты өткізудегі скандинавиялық мәдениет.
Каршериң (car – авто, sharing – бірлесе пайдалану) – cағаттық немесе минуттық тарифі бар қысқамерзімге автокөлікті жалдау.
Декарбонизация – көміртектің ауаға тарауын азайту. Бұл тәсілдің мақсаты – шығарындысы аз болатындай экономика жасап, климат өзгерісіне зиян келтірмеу. Осылайша баламалы энергия көзін табу, пайдалану.
Фрисайклиң (freecycling) – еркін, тегін тұтыну. Керек емес заттарды адам өзінің фантазиясына қарай еркін қолдануын фрисайклиң деп атайды. Бұл тәсіл үшін кейде арнайы фестиваль, марафон, сайт ұйымдастырылады. Онда адамдар керексіз затын қойып кетіп, өзіне ұнаған дүниені ұзақ пайдалану мақсатында алып кетеді.
Даунсайклиң (downcycling) – толық қайта өңделмейтін материалдарды басқа да аса құнды емес заттар жасауға пайдалану мәдениеті. Мысалы, ескі қайта өңделмейтін матаны ойыншық пен жиһаздың ішін толтыруға пайдалану. Сонымен қатар жел қондырғыларының қалдығынан түйме жасау да даунсайклиңге жатады.
Ресайклиң (recycling) – жаңа заттарды жасау мақсатында қалдықтарды, шикізатты қайта өңдеу процесі.
Ремедиация – табиғи компоненттерді қалпына келтіру арқылы экологилық залалды жою. Ластанған су қоймасы тазартылса, ремедиация жүргізілді деген сөз. Сонымен қатар ремедиация ауаға, топыраққа да жасалады.