Ағашты заңсыз кескендерге қандай жаза қолданылады?

0
27
ағаш

Қазақстанда ағашты заңсыз кескен адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұрын мұндай заңбұзушылылық үшін аз ғана айыппұл салынып келсе, қазір заң түбегейлі өзгерді. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2 млрд ағаш егу міндеті қалай іске асырылып жатқаны туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков Қазақпаратқа айтып берді.

Жаза – 4 АЕК-тен бас бостандығынан айыруға дейін

Комитет басшысы ағаштарды заңсыз кесу себептерінің бірі – құқық бұзушыларға қойылатын жауапкершіліктің төмен екенін атап өтті. Бұдан былай Экология министрлігінің бастамасымен Қылмыстық және әкімшілік кодекстерге енгізілген өзгерістерден кейін жасыл желекті рұқсатсыз кескендер қатаң жазаланады.

“Бұған дейін “Қызыл кітапқа” енген өсімдікті зақымдағаны үшін 4 АЕК көлемінде айыппұл салынған еді. Қазір егер біреу сирек кездесетін ағаштарға зиян келтірсе, оған 500 АЕК-ке дейін, ал жойған жағдайда 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық мөлшерлемелерге өзгерістер енгізілгеннен кейін мүмкін болды”, – деді Асхат Қайнарбеков.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес мемлекеттік орман қоры аумағында ағашты заңсыз кескені үшін ең жоғары жаза 100 АЕК-ке дейін, ал залал мөлшеріне қалай 1000 АЕК-ке дейін құрайды. Егер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсетін ағаштар кесілсе – заңсыз “өндіру” тәркіленіп, 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

“Егер залал 100 АЕК-тен асса, онда бұл жерде Қылмыстық кодекстің нормалары қолданылады. Бұл жағдайда максимал жауапкершілік 45 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін”, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Елді мекендер аумағында ағаштарды қорғау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынына қарамастан Экология министрлігі жалпы республика бойынша өсімдіктерге зиян келтіруге қарсы мемлекеттік орган ретінде қалалар немесе елді мекендер шегінде өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны және зақымдағаны үшін жауапкершілікті қатайтуға қатысты базалық ставкаларға толықтырулар енгізуге бастамашылық жасады.

Ағаштарды қандай жағдайда кесуге рұқсат етіледі?

Асхат Қайнарбековтың айтуынша, ағаштарды кесуге рұқсат етілген және тіпті жоспарланған жағдайлар да бар. Алайда ол үшін арнайы рұқсат қажет.

“Әр өңірде орман иеленушілері бар. Оларға: әкімдіктердің орман мекемелері, ұлттық парктер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жатады. Кесуге жататын ағаштардың көлемін осы мекемелер анықтайды. Бұл ағаштар санатына өлі, әлсіреген және піскен екпелер немесе өрттен кейінгі ағаштар жатады. Олар орман ауруларын тудырып, сау ағаштарға қауіп төндіреді. Сондықтан оларды уақтылы алып тастап отыру керек. Сонымен қатар қоқыстанған орман өрттерін сөндірудің қиындауына және оның үлкен аумақтарға таралуына, көліктің өтуіне кедергі келтіруі қаупі бар. Бұл орман өрттерін сөндіру кезінде де кедергі болуы мүмкін”, – деді комитет төрағасы.

Оның мәліметтері бойынша, орман иеленушілер өз деректерін объектіге шығатын және ұсынылған мәліметтерді қайта тексеретін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына ұсынады. Осыдан кейін экологиялық сараптама жүргізіліп, комитет осы ағаштарды кесуге рұқсат береді.

“Кесу үшін бір көлем анықталатын, ал іс жүзінде көлем асып кететін жағдайлар болады. Бұл заңсыз кесуге де қатысты. Лимиттің асып кеткенін көру үшін бізге космомониторинг көмектеседі. Біз ай сайын көрсеткіштерді “Қазақстан ғарыш сапары” компаниясымен салыстырамыз. Егер заң бұзушылықты көрсек, онда құқық қорғау органдарымен жұмыс істейміз, залалды анықтаймыз”, – деді Асхат Қайнарбеков.

Мақсат – Қазақстанның орманды аумағын 5%-ға дейін ұлғайту

Қазір Қазақстанның орман деңгейі 4,8%-ды құрайды. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5%- ға дейін жеткізу жоспарланған.

“Аталған көрсеткішке жету үшін аз ғана қадам қалғандай болуы мүмкін. Алайда елдің ауқымдылығын ескере отырып, бұл үшін үлкен жұмыс күтіп тұрғанын ескеруіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы бұл міндетті орындауға ықпал ететіні сөзсіз. Қазір ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспары әзірленді, әр өңір өз көрсеткіштерін ұсынды. Біздің министрлік жанынан жұмыс тобы құрылды, ол облыстардың жоспарларын зерделейді. Содан кейін олар Үкіметтің қарауына жіберіледі”, – деді Асхат Қайнарбеков.

Комитет басшысы бұл көп еңбекті қажет ететін жұмыс екенін айтты. Сөзіне сенсек, ағаш егу және оны өсіру жұмыстарының алдында орман дақылдары қорына кешенді талдау жасалады. Қанша ағаш отырғызу қажет, қажетті техниканың саны анықталады, топырақтың сапалық көрсеткіштері, орман тұқымы базасының объектілеріне талдау, тұқым қорына талдау жүргізіледі.

“Жалпы біз жыл сайын 60 мың гектар алқапқа ағаш егеміз. Алдағы кезеңде көлем алға қойылған міндеттерді ескере отырып ұлғайтылады”, – деп толықтырды ведомство басшысы.

Сонымен қатар, өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті “Жасыл Қазақстан” жобасын әзірлеуді тапсырған еді. Ол сондай-ақ ауқымды көгалдандырудың маңыздылығын атап өткен. Асхат Қайнарбеков бұл бастама табиғи-климаттық жағдайларға мультипликативті әсер етеді деп санайды.

Экомәдениетті қалытастыру керек

Асхат Қайнарбековтың пікірінше, экологиялық мәдениет төмен болғандықтан заңбұзушылар табиғатқа қасақана зиян келтіреді. Сонымен бірге ол тәрбиені экологиялық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі деп санайды.

“Мұндай фактілерді жою, ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу үшін жауапкершілікті күшейту және айыппұлдардың өсуі маңызды рөл атқарады. Алайда бұл жолда ең маңыз қадам – экомәдениетті қалыптастыру мен ерте жастан тәрбиелі білім беру”, – деп түйіндеді сөзін комитет басшысы.

Comments are closed.