Қазақстандық “Көлсай көлдері” өтінімінің елдегі және әлемдегі күрделі эпидемиология шектеуі кезінде дайындалғаны ерекше назар аударуға тұрарлық. “Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның “Адам және биосфера” бағдарламасының биосфералық резерваттарының Ұлттық желісі тағы бір биосфералық резерватпен толықтырылды.
Осылайша бүгінде ЮНЕСКО ұлттық желісінің Қазақстандағы биосфералық резерват саны – 13. Бұл сан Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Биосфералық резерваттар көлемінің осылай танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударғанын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын айғақтайды.