“Орталық Азияда су жетіспей жатқанда біз көлдерді жойып жатырмыз”
Кіші Талдыкөл аталып кеткен Нұр-Сұлтан шетіндегі шағын көлге қауіп төніп тұр. Ондағы түрлі құстардың жағдайы не болатыны да беймәлім. Қала әкімдігі көл орнына тұрғын үй кешенін салатынын хабарлағалы экобелсенділер мен тұрғындар наразылық білдіріп келеді.
Kazaknews.kz сайты Кіші Талдыкөл туралы мақала дайындапты. Қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
БАЯҒЫ ӘКІМДІК СОЛ ӘКІМДІК..
Қала әкімдігінің ресми сайты 6 қыркүйекте “Кіші Талдыкөл – экологиялық проблема” атты мақала жариялады. Ондағы мәлімет бойынша, көл орнына мектеп, аурухана, балабақшалары бар тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Құрылыс компаниясы көл айдынының 20 гектарын сақтап қалмақ. Көлдің әу бастағы көлемі 600 гектар болған.
Ал көл айналасын парк аймағы ету жоспарда бар. Құрылысқа қарсы жұрт бұл жоспармен келіспейді.
“Зерттеу нәтижесінде негізгі иондар (қаттылық, кальций, магний, хлорид), ауыр металдар (темір), улы заттар (фтор), биогендік заттар (аммиак азоты және нитриттер) нормадан бірнеше есе асатын концентрацияда болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша шаруашылық-ауыз су, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға болмайды”, – делінген әкімдік ақпаратында.
Алайда ресми мекеме нақты қандай зерттеу жасалғанын, оны кім жасағаны туралы ашық жазбаған. Сілтемесін көрсетпеген.
15 қыркүйекте Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков жетекшілік еткен экологиялық кеңес құрылған. Жиында Кіші Талдыкөлдегі рекреациялық аумақты сақтау және құру мәселесі қаралған. Бұл кеңесте де көлді тереңдетіп қазу, суын тазарту әрі 20 гектарын ғана қалдыру мәселелері көтерілген.
Sos.Taldykol белсенділері әкімдіктің тағы да көлдің ластану деңгейі мен құрғау процесі туралы негізсіз дәлелдер келтіргенін жазды.
BAQSY SARYNY ЖӘНЕ SHALQYMA
Осы уақытқа дейін кіші Талдыкөлді қолдау мақсатында бірнеше акция ұйымдастырылды. 7 қыркүйекте Асхат Ахмедияров шаманша киініп, көлді құрғату үшін топырақ тасып жатқан жүк көліктерінің жолын бөгеген. Ал суретші Әйгерім Оспан қобыз тартқан.
“Біз жасап жатқан шара, жүк көлік жұмысын толық тоқтатады дей алмаймын. Бірақ бұл басқа адамдардың да осылай шығуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл Талдыкөлге құм төгуді тоқтатуға қатысты біздің соңғы әрекетіміз”, – деді Асхат Ахмедияров.
14 қыркүйекте кешке жақын ақ кимешек киген әйелдер көл жағасына келіп, құрылыс алаңына қарай өтіп перформанс өткізді. Олар сол маңнан өткен камаз көлігіне ақ лента байлаған. Олардың сөзінше, бұл адамдардың құрылысты тоқтатып, көлді құтқару ниетін білдіреді.
“Талдыкөл – бұл қала ортасын, үлкен үйлерді жарып тұрған сұлулық. Осындай сұлулықты сақтап қалу үшін біз аққуды бейнелегіміз келді. Бұл жаққа қоқиқаз ұшып келді, аққулар жүр. Бұл наразылық акциясы емес, біз тек адамдардың осы көлге назар аударғанын қалаймыз”, — деді перформанс авторы суретші Әлия Қаныбекова.
КІШІ ТАЛДЫКӨЛДЕГІ СИРЕК ҚҰСТАР
Қазақстанның биоалуандықты сақтау қауымдастығының мәліметі бойынша, Кіші Талдыкөлде аққудың — екі, үйректің — бес, шағаланың — екі, ал балшықшы құстың екі түрі мекендейді. Биологтар бұл көл сонысымен ерекше екенін айтады.
Билік кіші Талдыкөлді құрғатудың қоршаған ортаға зияны жоғын алға тартады. Ал жергілікті белсенділер мен экологтар шағын көл флора мен фаунаның сақталуына әсер етеді деп есептейді. Ақпаратқа қарағанда, маусымдық миграция кезінде көл мен оның айналасына бұйра бірқазан, ақбас үйрек, сұңқылдақ аққу және аққұйрық субүркіт сияқты 200-ге тарта құстың түрі келеді. Көл маңайындағы жерде өсімдіктің 98 түрі өседі.
“ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА СУ РЕСУРСТАРЫ ЖЕТІСПЕЙ ЖАТҚАНДА БІЗ МҰНДА КӨЛДЕРДІ ЖОЙЫП ЖАТЫРМЫЗ”
4 қыркүйекте өткен TEDx Astana жобасында сәулетші-зерттеуші Теміртас Ысқақов Кіші Талдыкөл туралы ойын бөліскен еді.
“Біз табиғатқа жиі шағым айтамыз. Астананың қысы желді суық, жазы қапырық дегендей. Алайда біз осы сулы-батпақты жерлердің климат үшін қандай пайдасы бар екенін ойланып көрдік пе? Негізі бұл өте үлкен ауа ылғалдандырғыш, әрі табиғаттағы шаңды сүзгіден өткізіп отыратын бағалы мекен. Әкімдіктегі жылы орынға жайғасқандар Кіші Талдыкөл тек табиғи ескерткіш қана емес Сарыарқаның киелі ландшафтарының бірі екенін мойындағысы келмейді. Бұл бізге ата-бабаларымыздан қалған тарихи-мәдени мұраның бір бөлігі”, – деді ол.
Зерттеуші қазір сулы аймақтарды жою құрамында біз де бар экожүйе үшін өте қауіпті екенін айтады. “Бұл мәселе Қазақстан және ТМД елдерінің апатты құрғақшылық алдында тұрған уақытта шығып тұр. Орталық Азияда су ресурстары жетіспей жатқанда біз мұнда көлдерді жойып жатырмыз” дейді Ысқақов.
“ҚОҒАМ ПІКІРІН ЕЛЕМЕУ БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІКТІ АРТТЫРА ТҮСЕДІ”
Блогер Яков Федоров ресми органдардың кіші Талдыкөл мәселесінде әлі үнсіз отыруын билік комуникациясындағы “үлкен дағдарыс” дейді.
Ол бір жақтан құрылыс үшін көл бітеліп жатқанда, Солтүстік Қазақстан көлдерінен қоқиқаздардың ұшып келуі табиғат үшін қоғамдық күрестің символына айналғанын айтады.
“Бұл үнсіздік, ресми ұстанымның болмауы және қоғам пікірін толығымен елемеу билікке сенімсіздікті одан сайын арттыра түседі. Мысалы мен жағдайды мұқият зерттемедім және көлді қорғауды жақтаушылардың позициясынан ғана көріп тұрмын. Сондықтан әр сағат сайын менің пікірім оларға жақындай түседі”, – деді Федоров.
Билік үнсіз. Жүк көліктері күн сайын тиелген топырақты көлге тоқтаусыз төгіп жатыр. Қала тұрғындары мен белсенділер шырылдап жүр. Ал көлдегі құстар тұрғындар мен құрылыс алаңына кезек қарап жүзіп барады.
Айта кетейік, жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ауысты. Жаңа министр міндетін адал атқаруға халық алдында ант берді. Талдыкөл мәселесіне министрлік әлі үнсіз отыр.