Алмасбек Садырбаев шаруалар жайын біліп, тағы да үндеу жасады
Шопан ата ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Facebook-тегі парақшасында елімізде болып жатқан қуаңшылық туралы тағы да үндеу жасады.
“Түркістан, Жамбыл облысындағы шаруалар дабылына байланысты кезекті рет басшылар назарына осы үндеуімді жолдап отырмын. Нақты шешімін, оның орындалу жолын айтып бердім. Қолдау білдіріп, бейнежазбаны бөлісуді сұраймын”, – деп жазды ол.
Facebook-тегі парақшасында жариялаған видеода сарапшы Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарына барып, шаруалармен сөйлескен. Тұрғындардан мал жайын біліп, жағдайды өзі көріп келіпті. Сонымен қатар Алмасбек Садырбаевқа басқа да өңірлерден хабарласып, қуаңшылықтың зардабын айтып жатқан адам да көп екен.
“Қойлардың бәрі кәрі мал сияқты болып қалған. Себебі топырақты қырып, астынан бірдеңе тауып жеймін деп, малдың тісі құрып жатыр”, – дейді тұрғындар.
Жамбыл облысында қуаңшылықтан еккен арпа-бидай да дұрыс шықпай қалған. Оны жинау диқандарға тиімсіз. “Онымен шығынды өтей алмаймыз” деп, күйініп отыр. Әзірше шаруалар шығар-шықпас дәнді малға беріп, күнелтіп отыр екен.
“Тіпті егін бой алған жоқ, дұрыстап өскен жоқ. Оны жинайық десек, комбайнға ілінбейді. Басында дәнінің саны да аз” – дейді шаруалар.
Кей шаруаның 200 гектар егіні құрғақшылықтан шықпай қалған. Соны егу үшін несие алған адамдар да бар. Қуаңшылық салдарынан қойдың бағасы түсті. 50-60 мың тұратын мал қазір 30 мың болды.
“Енді қалған малдың қамын ойламасақ, шаруаларға субсидия бермесек, бар малдан айырыламыз. Қазір қимылдамасақ, келесі жылы еттің құны 10 мың теңгеге жеткенін көреміз. Малынан айырылған шаруа ауылдан жұмыс таппай, қалаға көшеді. Ал бұл жағдай қаладағы үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген адамдардың санын арттырады. Соңында құрғақшылық әлеуметтік шиеленіске алып келеді”, – деді Алмасбек Садырбаев.
Шопан ата ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы қуаңшылықтан аман шығудың мынадай жолын ұсынып отыр:
- Арнайы комиссия құрылып, жауапты министрліктер пен қоғам белсенділері проблеманы шешуге жұмылуы керек;
- Жем-шөпті сыртқа экспорттауды тоқтату керек;
- Еліміздегі барлық шаруа, диқанның несиесін бір жылға кейінге қалдыру керек;
- Малды сақтап қалу үшін аналық бастарға жем-шөп субсидиясын төлеу қажет;
“Осы істің бәріне республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Облыстағы бюджетке сенім жоқ. Ауа райының қолайсыздығынан, жем-шөптің жоғынан қырылып жатқан мал тек шаруанікі емес. Ол – Қазақстанды асырайтын мал. Бұл – бүкіл елдің мәселесі”, – деді сарапшы.