Еліміздегі қуаңшылық туралы шетел басылымдары жазып жатыр

0
738

“Настоящее время” телеарнасы Қазақстандағы қуаңшылық жайлаған өңірлер мен қырылған мал туралы жазып, бейнематериал дайындады.

Видеоның басында редакция қызметкерлері материалда көрерменге жағымсыз әсер ететін кадрлар болуы мүмкін екенін ескертеді.

“Қазақстандағы қуаңшылықтан мал жаппай қырылып қалды”, – деп жазды “Настоящее время” арнасы.

Әрі қарай видеода Маңғыстаудағы жұттан қырылған малдың өлігі, сүйектері көрсетілген. Кей тұрғындар далада шөп болмаған соң малды қорада байлап қойған екен.

“Байлап қоймасақ, аяғына тұра алмай жатыр, әлсіз. Ал далада шөп жоқ, – дейді тұрғын.

Ал шаруа Ғабидолла Қалыңбайұлының бірнеше ай бұрын 170 жылқысы болған. Оларды асырауға азық, шөп болмай, 20-cы аштан өліпті. Қалған малы әлсіреп, аурушаң болып қалған.

“Бұл қуаңшылық биыл басталып отырған жоқ. Осымен үшінші жыл шөп дұрыс шықпады. Бірақ бұған дейін қыс жақсы болып, қуаңшылыққа ұрынбай, аман-есен шығып едік. Себебі қара шөп шыққан еді”, – дейді шаруа.

Мал азығы биыл қымбаттап, кей шаруа оны сатып ала алмай отыр. Сол себепті кейбірі малына картон мен қағаз беріп, азықтандырды.

“Қазақстанның билігі қуаңшылық жайлаған елді-мекенге пішен жіберіп, 6 ай кебекті экспорттауға тыйым салды. Бірақ шаруалардың айтуынша, билік кеш әрекет етті”, – деп хабарлады телеарна.

Ал метеороголтар ауа температурасының жылдан жылға көтеріліп, жаз одан сайын ыстық болып бара жатқанын айтады.

“Ауаның жылыну деңгейі әр мезгілде әртүрлі болады. Оның үстіне ол әр өңірдің климатына да байланысты өзгереді. Бірақ ауа температурасы 10 жыл сайын шамамен 0,3 градус көтеріліп отырады”, – дейді Қазгидрометтің Климат зерттеу басқарма басшысы Светлана Долгих.

Экологтар Маңғыстау облысындағы қуаңшылықты Каспий теңізінің тартылуымен байланыстырып отыр.

“Кейінгі 100 жылда теңіз деңгейі көтеріліп, бірақ максимумға барған емес. Әрдайым көтеріледі, бірақ өз деңгейіне жетпейді. Осыдан Каспидің әлсін-әлсін тартылып жатқанын байқаймыз”, – дейді эколог Орынбасар Тоғжанов.

Ресми дерек бойынша, Мағыстауда 3 мың мал қырылған. Шаруалар күз бен қыста малды қалай асырайтынын білмей отыр.

Comments are closed.