Ағаш егетін экожобалар көбейіп келеді
Баяғыда бір қария ағаш егіп жатқан екен. Қасынан салт атты патша өтіп бара жатыпты. Қарияға таяп келіп, “Ақсақал төріңізден көріңіз жақын, жемісін жей алмайтын ағашпен алысып, неге әуре болып жатырсыз?” – деп сұрайды. Қария “Бізден бұрынғылар еккен ағаштың жемісін жеп өстім. Енді өзімнен кейінгілерге бірдеңе қалдыруым керек шығар?”, – дейді. Патша болашақты ойлаған ақсақалдың жауабына разы болып, уәзірін жұмсап, бір дорба ақша береді. Сонда ақсақал тұрып, “Жұрттың ағашы ай-жылы толғанын күтіп жатады. Менің ағашым еккен жылы-ақ жеміс бере береді”, – дейді. Патша тағы разы болып, тағы ақша береді. Сонда ақсақал тұрып, “Жұрттың ағашы жылына бір рет жеміс берсе, менікі екі рет салады”, – деген екен. Патша күліп, тағы ақша береді. “Бұл жерден тезірек кетіп қалмасақ, қазынамды тауысатын түрім бар”, – деп патша жүріп кетіпті.
Ағаш егу, орман баптау, даланың қамын ойлау – өркениеттің нышаны. Дамыған мемлекеттердің экологияға барынша көңіл бөліп, өзгелерден де соны талап етуі осыдан. Өкінішке қарай, ағаш егу мәдениеті жағынан біз Батыс елдерін айтпағанда, ТМД халықтарынан да артта қалып келе жатқанымыз байқалады. Ресейде, Украина мен Белоруссияда кесілген орманның орнын толтыру, ары қарай арттыру дәстүрге айналып үлгерді.
Дегенмен Қазақстан да қазір қара жаяу емес. Қуантатыны, кейінгі кезде, әсіресе кейінгі 5-10 жылда ағаш егу дәстүрі жылдан жылға күшейіп келеді. Бұл – эко жүйені реттейтін бірден бір бағыт. Мемлекет басшысы сол қарқынды әлі де күшейтуге бағыттап жатыр. Президент басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард ағаш егуге міндет қойылды. Бұл дегеніміз 85 мың гектар жер. Бүгінде ел көлеміндегі орман алқабы 6 миллион гектарға жетіп отыр. Қазақстанда далалық алқап көп, ендігі мақсат – сол бос жерлерді орманға айналдыру. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша ол үшін “1 гектар аумаққа 4300 түп ағаш отырғызылады. Осы 4300 түп ағашты 85 мың гектар жер көлеміне көбейтіледі. Демек, жылына 372 миллион түп ағаш егіледі. Сонда 5 жыл ішінде ел бойынша 1 миллиард 860 миллион түп ағаш егіледі. Одан бөлек осы 5 жылда бұрын шықпай қалған көшеттердің орнына қайта ағаш егу қолға алынбақ.
Жоспарланған шараның ауқымы зор. Оны соңына жеткізу үшін мемлекеттік мекемелерден бөлек қоғамдық көмек қажет болады. Кез келген мемлекет волонтер бастамаларға мұқтаж. Ал экология – тек азаматтық ерік-жігердің арқасында ғана өркендейтін сала.
Бұлардан бөлек елімізде ағаш егуге, орманды алқапты көбейтуге бағытталған экожобалар көптеп пайда болып жатыр. Бұл бастамашыл жобаларды мемлекет тарапынан қолдау жобаның ары қарай жылдам дамуына септеседі. Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы КЕАҚ да осындай экожобаларды таныстыру мен оларды ынталандыру, танымал ету бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Сондай бастамашылардың бірі – қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға атсалысып жүрген белсенді жас, “Атамекен Эко” қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин. Қазір ол Атырауда топинамбур өсімдігін өсіріп, “жасыл белдеу” құруды мақсат етіп жүр. Алғашында, 2017 жылы Атырауда 10 000 көшетті тегін тарату акциясын ұйымдастырды. Кейіннен Әділет Жақашев деген азаматпен бірге краудфандинг жариялайды. Бастаманы қолдаушы көбейіп, екі жарым миллион теңге қаржы жиналды. Ол қаражатқа газ талдағыш аппаратты сатып алды. Бұл құрылғыны қаладағы атмосфералық ауаның сапасын балама бақылау мен талдау үшін пайдаланып жүр. Ендігі мақсаты – Атырау маңынан “жасыл белдеу” құрып, орманды алқапты ұлғайту.
Сонымен қатар осы бағытта еңбектеніп жүрген павлодарлық “Подари земле сад” жобасы бар. Бұл қор негізінен орманды даланы көбейту үшін ағаш егумен айналысады. Өзінің көшет бағы бар. Онда түрлі ағаш өсіріліп, тегін таратылады. “Көшетті тегін алушыларға қойылатын бір ғана талап бар – күтімі жақсы болуы керек”, – дейді Гашек Юрий Львович. Аталған қор сонымен қатар “Махаббат бағы”, “Табиғат мекені”, “Туған жер” сияқты бірнеше жобасын ұсынып отыр. Әрқайсының өз ерекшелігі бар.
Алматыда да жасылдандыру бағытындағы түрлі жоба бар. Соның бірі – “Сосновый бор Алматы” экологиялық бағдарламасы. Бастамашы топ – “Табиғат” экологиялық одағы. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының нормасы бойынша, Алматының жасыл алқабы тиісті межеден төрт есе аз екен. Сондықтан бастамашы топ Алатау ауданы Саялы ықшам ауданында қарағайлы орман жасағысы келеді.
2013 жылдан бері Қазақстан бойынша жемісті еңбек етіп келе жатқан “Posadiderevo.kz” жобасы бар. Бірлестіктің негізгі мақсаты – жасыл ортаны көбейту мен жастарды ағаш егуге баулу. Жыл сайын осы бағытта жиырма шақты шара ұйымдастырады. Осы айтылған елімізді жасылдандыруды мақсат еткен экобелсенділер туралы ақпаратты әлеуметтік желілердегі парақшаларынан, ағаш егуге байланысты мол ақпарат алуға болады.
Бұл бағытта жобалардың саны артып келе жатқанымен оның бәрі әлі де аз болады. Сондықтан азаматтық позиция көтеріп, елімізді жасылдандыруға үлес қосамын деген азаматтар қажет-ақ. Әсіресе ауадағы улы газды өзіне сіңіріп, оттегіні бөлетін, даланы шөлге айналудан сақтайтын ағаштарды көптеп егудің маңызы артып келеді. Қалаға және жол жиектеріне сүйір жапырақты ағаштарды көбірек егу көзделіп отыр. Өйткені олар ауаға бөлініп жатқан газды өзіне сорып алатын көрінеді.
Жалпы ағаш егуді дәстүрге айналдыруда әртүрлі форма бар. Әулеттің басын қосып, бала-шағамен аулаға, көшеге шығып еңбектенетін отбасылық дәстүр немесе қызметтес ұжыммен бірге атқарылатын шара. Үшіншіден, мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылатын акциялар. Айтулы мерекелерде, экологиялық сағаттарда, ресми бекітілген ағаш егу күнінде атқарылады.
Үкімет болашақта бұл бағыттағы жұмыстарды барынша кеңейтуді жоспарлап отыр. Тек қалада емес, ауылдық жерлерде де ағаш санын көбейту маңызды болып отыр.