Каспий итбалығы – мемлекет қорғауында
Осы аптада үкімет қаулысымен Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. Жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар түрлерінің тізімі “Сүтқоректер класы – Mammalia – сүтқоректілер класы” бөлімі “128-1 Каспий итбалық – Pusa caspica – Каспий итбалығы” жолымен толықтырылды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, бұл шара кейінгі жүз жылда 1 миллионнан 100 мыңға дейін азайып кеткен жануардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді”.
Бұл шешім – Қазақстанның экологиялық мәселелерге жиі көңіл аудара бастағанынының бір дәлелі. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті туралы сөз қозғай отырып, адамдардың қоршаған орта мен жануарларға деген дөрекі қарым-қатынасын сынға алған еді. “Жыл басынан бері түрлі жабайы әрекеттің куәгері болып жүрміз. Қазақстан әлемдегі экологиялық антирейтингінде бекер көш бастап тұрған жоқ. Бізге экологиялық мәдениет қалыптастыру керек”, – дегенді айтты.
Тиісті мекемелер экологиялық мәселелерге бағытталған жұмыстарды күшейтіп жатыр. Мәселен, биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ грант негізінде “Қазақстанда экологиялық жобаларды танымал ету және дамыту” жобасы аясында түрлі экологиялық бастамалар насихатталып жатыр.
Гидробиология және экология институтының Каспий итбалықтарын қорғау бойынша жұмысын да жемісті жобаға жатқызуға болады. Итбалықтардың қызыл кітапқа енуіне де аталған институт тікелей әсер етті. Мұндай бастама итбалықтарды қорғауға және болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақты құруға қажет. Итбалықтарды қорғау жобасы – Каспий теңізінің жалғыз сүтқоректі жануарын зерттеумен, қорғаумен және соған қатысты ақпаратты қоғамдық деңгейде талқылаумен айналысады. Әу баста Ауыл шаруашылығы министрлігі, Балық шаруашылығы комитетінің тапсырысы арқылы басталған бұл жұмыс қазір Гидробиология және экология институтының негізгі бағыттарының бірі болып қалды.
Өкінішке қарай, итбалықтар қарқынды түрде азайып келеді. Оған түрлі фактор әсер етіп жатыр. Гидробиология және экология институтың зерттеуінше, итбалықтардың азаюына қыста теңізде кемелердің жүруі (итбалықтардың көбейетін мезгілі), климат өзгеруіне байланысты теңіздегі мұздың азаюы, және браконьердің көбеюі себеп болып отыр. Итбалық әсіресе браконьерлердің теңізге тастап кететін ауына түсіп, қырылып қалады. Кейінгі жылдары жағалауда қырылып жатуы да жиілеп кетті. Итбалықтарды қорғау жобасы оларды қашықтан есептейтін әдіс ойлап тапты. Сонымен бірге итбалықтарды көбейтудің ғылыми әдістемесі дайындалды. Итбалықтың қызыл кітапқа енуі оның көбеюі үшін өте маңызды шешім болды. Бір айта кетерлігі, Каспий теңізін жағалай орналасқан Иран, Әзербайжан, Түрікменстан мен Ресей Федерациясы итбалықты әуелден өз қорғауына алған. Қызыл кітапқа енгізбеген тек Қазақстан еді. Қазір Қазақстанда теңіз сүтқоректісін сақтап қалу бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Былтыр Ақтауда Каспий итбалықтарын зерттеу және реабилитациялау Орталығы құрылды. Ресей мамандарымен бірлесіп итбалық популяциясын сақтау бойынша бірлескен әрекет ету жоспары әзірленіп жатыр
Сәдуақас Кебекбай