“Плогиң” экожобасы немесе жүгіріп қоқыс жинау

0
1828
Плогиң

Кейінгі жылдары елімізде экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған түрлі жоба көбейіп келеді. Бұл қазақстандықтардың эко-этикеті қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” КЕАҚ-ның “Қазақстанда экологиялық жобаларды таныстыру және дамыту” гранты – экожобалардың кеңінен насихатталуына жағдай жасау. Сондай жобалардың бірі – плогиң (Plogging) экожобасы. Қазақстанға кейінгі екі-үш жыл бұрын ғана келсе де, қазір еліміздің барлық аймағына тарап үлгерді.  

Плогиң – 2016 жылы Швецияда пайда болған экологиялық жоба. Мағынасы “көтеру” және “жүгіру” дегенді білдіреді, яғни спорттық мақсаттағы жүгіріс және қоқыс жинау. Негізін салушы – Дэвид Седарис есімді азамат. Ол күніне 60 мың қадам жүгіріп, өзі тұратын аудандағы қоқысты тазалап жүреді. Нәтижесінде жұрт жерге қоқыс тастауға ұялып, Дэвидке қосылып жүгіре бастайды. Ұзамай бұл үрдіс Швеция қалаларының бәріне, сосын басқа да елдерге жұғысты бола бастады.

Қазақстанда бұл үрдіс өткен жылдан бастап көрініс бере бастады. Алматы, Астана, Түркістанда басталып, кейіннен еліміздің барлық қаласында осы бағыттағы түрлі марафон өткізілді. Сонымен қатар мұны қандай да бір акция немесе жарыс түрінде емес, күн сайын серуен ретінде  жүзеге асырып жүрген азаматтар бар. Солардың бірі – алматылық Торғын Шоланова. Мамандығы бойынша есепші. Демалыс күндерін тауда өткізеді. Бірақ көңіл көтеріп, спортпен шұғылданып, серігумен қатар қоқыс жинауды өзіне мақсат етіп қойған.

Торғын Шоланова:

“Қазір біздің қатарымыз көбейіп келеді. Біреулер қала көшелерінде, біреулер саябақтарда жиналып жүгіреді. Ал біз негізінен тауға барып жинаймыз. Өкінішке қарай, тауда қоқыс өте көп. Демалуға шыққандар қоқысты жинап кетпейді. Шынын айтсам, кейде жүгіріп жинауға мүмкіндік болмайды. Себебі қоқыс жерде үйіліп жатады. Жинаған қоқысымызды төменге түсірудің өзі бізге үлкен жұмыс. Жалпы тауға да камера қойылуы керек деп есептеймін. Егер жергілікті билік осы шаруаны қолға алса, біз ол камераларды қай жерге кою керек екенін көрсетіп берер едік. Атпа сайын шығып жүргендіктен адамдар көбіне қай жерге қоқыс үйіп кететінін білеміз“.

Роман Баязитов, плогиң қозғалысының қолдаушысы:

“Қашан барсаң да бір көрініс. Жұрт табиғатты ластаудан жалықпайды. Бірақ соны біз тазаламасақ, басқа кім тазалайды? Мен табиғат ананы жақсы көремін және оны ластайтын оңбағандардың соңын тазалап жүруді ар санамаймын”.

Нұрбол Нұралин, ерікті:

“Тауға шығуды әдетке айналдырғаныма алты жыл болды. Ондағы қоқыста есеп жоқ. Негізінен арақ пен сыраның бөтелкесі, тәрелке, қасық шашылып жатады. Демалушылар тазаланған жерді екі күн демалыста қайта шашып кетеді. Жергілікті әкімдікке қадауғалауды күшейту керек дер едім”.

Плогиң экожобасның өкілдері қазақстандықтарды қатарына шақырады. Түбінде азаматтардың белсенділігі артып, қаланың тазалығына әркім үлес қосатын болады деп сенеді. Мысалы, таңғы немесе кешкі жүгіру кезінде де бұл әдісті қолданып көшеде жатқан қоқысты жинап арнайы қоқыс жәшіктеріне тастап кетуге болады. Бұл бастамаға үкімет тарапынан да қолдау көрсетіліп, еліміздің ірі қалаларында арнайы акциялар өткізуге мұрындық болып келеді.

Плогиң қозғалысына әр азамат мүше бола алады. Әлеуметтік желілерде арнайы парақшалары бар. Сол арқылы өкілдерімен байланысып, қозғалыстың кең қанат жаюына атсалысуға болады немесе салауатты өмір салтын ұстанатын әр азамат өз өңірінде осы бағытты насихаттай алады.

Comments are closed.