ара

Қазақстанда аралар неліктен қырылып жатыр?

0
787

Ауыл шаруашылығының жаппай дамуы аралардың түр ретінде мүлде жойылуына әкелуі мүмкін деп хабарлайды Хабар 24. Ұшатын жәндіктер химиялық заттармен өңделген өсімдіктерді тозаңдандыра алмайды екен. Ара шаруашылығы бұдан зардап шегеді деп отыр мамандар.  Олардың айтуынша, жаһандық өзгерістер 15 жылдан аз уақытта сезіледі.

Алексей Шуркин – омарташы. Ол бүкіл өмірін аралардың белсенділігін зерттеуге арнаған. Ал 2004 жылы жеке омартасын ашып, 100 -ден астам аралар колониясын өсірген. Осы кәсібімен бүкіл елді аралап, тіпті ара шаруашылығы туралы кітап шығарған. Сондықтан Алексей үшін аралардың жоғалуы – жаһандық проблема.

“Әрине, агрономдар омарташыларға араларды сақтау керек екенін ескертпейді, егістік алқабын түрлі химиямен өңдей береді. Ал аралар ақырындап өледі. Әуелі отбасы әлсірейді, әлсіздер қыстауға кіреді, нәтижесінде олар қыста өледі”, – дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алексей Шуркин.

Аралардың жойылып бара жатқаны жаңалық емес. Сарапшылар бұл мәселені бұрын айтқан. Араларсыз ештеңе болмайды деп есептеледі, себебі олар флора мен фаунаны байланыстырады.

“Кейінгі зерттеулер бойынша, ауыл шаруашылығы аралардың азаюына әсер етеді. Оның ішінде пестицидтерді, гербицидтерді қолдану аралардың өмір сүруіне зиян. Аралар ХХ ғасырдың екінші жартысында азая бастады. ХХ ғасырдың аяғынан бастап олардың санының күрт төмендеуі байқалды”, – дейді  биоалуантүрлілік бойынша сарапшы Арай Белгубаева.

Омарташылар ара шаруашылығын заңдастыруды талап етеді. Олардың айтуынша, ең дұрысы – жәндіктердің бұл түрін “Қызыл кітапқа” енген жануарлар сияқты ерекше қорғауға алу. Олар аралар өміріне негізгі зиянды тигізетін адамның өзі екенін айтады. 

“Ең маңыздысы – жергілікті басшылық, фермерлер мен омарташылар арасында өзара түсіністік болуы. Сондықтан мұнда фермер мен омарташының арасында келісімшарт жасалуы керек немесе омарташыларға тиіспеу үшін құзырлы органдардан рұқсат алу керек”, – дейді Алексей Шуркин.

Ғалымдар аралардың 2035 жылға қарай жойылып кетуі мүмкін екенін болжап отыр. Олардың айтуынша, егер бұл үрдіс жалғаса берсе және жәндіктердің өлуі түр популяциясының 20% -інен асса, адамзат жыл сайын өзінің әдеттегі өнімдерінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін. Қанатты тозаңдандырушылар санының азаюына байланысты әр түрлі дақылдардың түсімі тез төмендеп, адамзат тағы бір азық-түлік дағдарысына тап болады.

Comments are closed.