табиғат

Табиғатқа шығарда нені білу керек?

0
1167

Табиғатта демалу әрдайым сәнде, адам жақсы тыныстап, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Бірақ мұндай серуенде көңілді түсіретін жайттар да бар. Ол – айналаның шашылып, қоқысқа толып жатуы.
Өзіміз тыныстайтын ауаны, ішетін суды, жүретін жолды ластамау үшін табиғатты жай ғана жақсы көріп, оған жиі бару жеткіліксіз. Қоршаған ортаны тап-таза қалпында сақтай алуымыз керек. Ол үшін бірнеше қадам жасауға болады.

Гүлді жұлмау, жәндікке тиіспеу

Тауға бара жатқан жолда, далада өсіп тұрған гүлге қызығып, оны бірден жұлып алатынымыз бар. Иіскеп, әбден қызықтап болған соң лақтыра салуымыз мүмкін. Негізі ол гүл жаңа ғана жайқалып, өсіп тұр еді. Табиғатқа шыққан адамның бәрі гүлді жұла берсе, ол да таусылады, әдеміліктің сүйкімі кетеді. Сондықтан гүлге өсіп тұрған жерінде сүйсініп, иіскеңіз. Бірақ оны жұлмаңыз. Гүл өсіп тұрса, демек ол өз қызметін атқарып тұр. Таза ауа, әдемілік, араларға бал, қарашірік және тағы басқа.

Сонымен қатар жолда кезіккен жәндікке, кішкентай жануарға қастандық жасамаңыз. Оларды үркітуге де болмайды. Ол жер – сол жәндік пен жануардың үйі.

Өзіңнен кейін ешқандай қоқыс қалдырмау

Тауға шыққанда, саябақта қыдырғанда өзімізбен жейтін тамақ, ішетін су аламыз. Оның сыртын, қалдығын да өзімізбен қайта алып кетуді ұмытпау керек. Мұндайда қоқысты сол жердегі жәшіктерге салып кетуге болады. Оны да сыртына лақтыра салмай, қалдық жәшіктің ішіне түскенін қадағалаңыз.

Тіпті көкөніс пен жемістің қабығын да табиғатта қалдыруға болмайды. Мысалы, таудың топырағы органиканы шіріте алмайды.

Белгіленген ережелерді ұстану

Тауда, суда, ұлттық паркте және тағы басқа ерекше қорғалатын аймақта ережелер жазылған болса, демек оны қатаң ұстану керек. Табиғи аймаққа көлікпен кіруге рұқсат берілмесе, ол жерді бүлдіріп, әлек болмаңыз. Суға түсуге болмаса, демек бекер емес. Әсіресе от жағуға көп жерде рұқсат жоқ. Мұндай ереже тек табиғат үшін емес, адамның қауіпсіз демалуы үшін де бекітілген. Өтуге болмайтын, жалғыз жүруге қауіпті орындарға да бармаңыз.

От жақпау

Мамырда тауға шыққандар көбіне от жағып, айналасында әндетіп отырады. Осындай дәстүр кең тараған. Бірақ заман өзгерген сайын, әсіресе климат құбылған кезде адамның әдеттері де соған сай бейімделеді. Қоршаған ортаның таза болуына алаңдай бастағалы табиғатта от жағуға да тыйым салу керек екені айтылып жүр. Бұл дұрыс та. Біріншіден, ағашты, өсімдікті жағамыз. Бұл тірлігіміз табиғатты қорғауға қарама-қайшы. Екіншіден, түтінмен бірге ауаға зиян заттар тарайды. Үшіншіден, от қауіпті. Сақ болмаса, адамның өмірін де жалмауы мүмкін. Бір тұтанып кетсе, орманды да алып кетеді.

От жағудың орнына батареямен жұмыс істейтін шам алып баруға болады. Олардың қуаты біразға жетеді әрі жарық болады. Есесіне от жағып, күл қалдырып, табиғатты ластамайсыз.

Көп пластик қолданбау

Табиғатқа тамақ алып шыққанда оны пластикке салмауға тырысыңыз. Бұл көп қалдық шығаруға себеп болады. Егер тамақты өз ыдысыңызға салып апарсаңыз, оны тастамай алып келесіз. Құрғақ тағамдарды қағазға орауға да болады. Айтпақшы, табиғатта ыдыс жумаған дұрыс. Себебі ыдыс жууға арналған химикатпен жерді бүлдіреміз.

Табиғатқа шыққанда экология туралы әңгіме айту

Табиғатқа демалуға шыққанда оны қорғау туралы да сөйлескен жөн. Қоршаған орта туралы әңгімеде экология проблемасы да қозғалады. Әсіресе қасыңызда өзіңізден кішілер, балалар болса, әдемі табиғатты бұзбай, оны ластамай өмір сүру керек екенін түсіндіре жүріңіз. Қоқысты лақтырмауын қадағалаңыз. Табиғат саясында демалу үшін ғана тұрған жоқ. Адам оны қорғауға, келесі ұрпаққа жақсы күйінде жеткізуге міндетті.

Тауға, өзен-көл жағасына шығарда қоршаған ортаға қатысты білетін ғибратты әңгімелерді еске түсіріңіз. Арнайы іздеп, оқып алсаңыз, құба-құп.

Егер экобелсенді болсаңыз…

Табиғатқа жанашыр, қалдықты сұрыптайтын, экосенбіліктерге қатысып жүрген адам табиғатта да күнделікті әдеті бойынша әдепті жүреді. Енді мұндай адамдар қасындағы достарын да қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға да баулығаны дұрыс. Өзі үлгі болып жүріп, өзгеге де өнеге көрсеткені абзал. Адамның бәрі біреуден үйренеді.

Табиғатқа шығыңыз, оған жақын болыңыз. Сонымен бірге оны қорғап, аялаңыз. Табиғат дәл қазір адамның көмегіне мұқтаж.

Comments are closed.