Экология министрлігі Финляндиямен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

0
826

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Финляндияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист ханыммен кездесті. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Ведомство басшысының айтуынша, технологиялар мен инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын Финляндиямен ынтымақтастық Қазақстан үшін маңызды.

Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев елшіге Қазақстандағы экологиялық саясат туралы ақпарат беріп, жасыл технологиялар мен табиғи ресурстарды дамыту басымдық болып табылатынын атап өтті.

“Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында біз ұзақ мерзімді жоспарлар әзірлеп жатырмыз. Осылайша, ары қарай газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына көшіру, қалаларды көгалдандыру және т.б. жөніндегі іс-шараларды іске асыру көзделген. Сонымен қатар “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр, онда биологиялық әртүрлілікті сақтау және ұтымды пайдалану мәселелеріне назар аударылады”, – деді экология министрі.

Министр жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын, оның ішінде кәсіпорындарда ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, бұл оларды эмиссия үшін төлемнен босататынын да айтты.

“Мемлекет кәсіпорындардың шығынын бөлетін мұндай тетік әр елде бола бермейді. Біз өндірісті жаңғырту және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында осы тәсілді саналы түрде таңдадық”, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Кездесу барысында тараптар одан әрі ынтымақтастықты талқылады. Осылайша, 1992 жылдан бастап маңызды диалог алаңына айналған бірлескен Қазақстан-Финляндия үкіметаралық комиссиясы жұмыс істейді деп айтылды. 2020 жылдың тамызынан бастап Экология министрлігі – Қазақстан тарапынан комиссия жұмысына жауапты мемлекеттік орган. Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық энергетика, білім беру, көлік, ауыл және орман шаруашылығы, денсаулық сақтау, су ресурстары сияқты салаларда жүзеге асырылып жатыр.

“Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі әлеуетін назарға ала отырып, біз жасыл энергетика, қалдықтарды кәдеге жарату, орман шаруашылығы, табиғи және су ресурстарын ұтымды пайдалану, геологиялық барлау және табиғи ресурстарды өндіру, цифрлық даму, кеме жасау, тамақ, құрылыс, химия өнеркәсібі сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз”, – деп түйіндеді министр.

Comments are closed.