Кіші Талдыкөл

Мамандар Кіші Талдыкөлдің болашағы туралы айтты

0
20

Бұған дейін қала әкімдігі Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, суы сақталатынын хабарлаған еді

Нұр-Сұлтандағы Кіші Талдыкөл көлінің қазіргі жағдайы мен келешегі жайлы мамандар пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Талдыкөл көлін оның маңындағы сулы-батпақты алқаппен шатастырмауды сұраймын. Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарына сәйкес, Талдыкөл көлінің шығыс бөлігінде тұрғын үй, балабақша, емхана және өзге де нысандар салу жоспарланған. Көлдің су айдыны сақталады, яғни қазір көлді құрғату мәселесі қаралып жатқан жоқ”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Айтуынша, ол жерде жаңа нысандар бой көтереді. Алайда жер мемлекет меншігінде тұр.

Ал “Байтақ болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртайдың айтуынша, қаланың ішінде сасық көлшік болмауы керек. Ал қазір көпшілік Кіші Талдыкөл деп атап жүрген жерге ертеректе кәріз қалдықтары төгілген.

“Бастапқыда бұл батпақты аймақ болды. Қалада ластанған көлдер болмауы керек. Бұл БҰҰ стандартымен бекітілген. Мұндай жағдайда әкімдік ымыраға келді. Құрылыс салушымен келісіп, көлді толығымен құрғатпайтынын айтты. Аумағы 20 гектар көл қалады, айналасын саябаққа айналдырады”, – дейді ол.

Ал Нұрлан Ұранхаевтың сөзінше, ол жердегі судың ластану деңгейі “өте лас” деп бағаланып отыр. Сондықтан ол жерді зиянды заттардан тазарту жұмыстарымен экологтар айналысады.

“Шамамен 20 гектар жердегі аса қатты ластанбаған су айдыны сақталады. Ал қалған аумақты құрғатады деуге келмейді, мұны қопсыту немесе абаттандыру деп атаған дұрыс. (…) Нұр-Сұлтан қаласында Майбалық, Талдыкөл, Есіл, Ақбұлақ секілді су қоры бар екені белгілі. Ал Кіші Талдыкөл көлі қаланың су қорында ешқашан тіркелмеген”, – дейді Ұранхаев.

Бұған дейін қала әкімдігі Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, суы сақталатынын айтты.

Comments are closed.